Ұтыс ойындарын өткізуге әуес блогерлер 8 миллионға дейін айыппұл төлеуі мүмкін

Жаңалықтар

Ұтыс ойындарын өткізуге әуес блогерлерге бақылау күшейеді. Лотерея ойнатып жеңіл ақша тапқысы келетіндер енді 8 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалауы мүмкін, деп хабарлайды "КТК" арнасы.

Бұған дейін мәжілісте депутаттар инфлюенсерлер, яғни қоғамда танымал адамдардың жұмысын қатаң бақылауға алуды ұсынған болатын. Үкімет осыған қатысты жауап жолдады.

Вице-премьер Жұманғарин ақпараттық кеңістіктің ашықтығын арттыру және алаяқтық әрекеттің алдын алу мақсатында Instagram, TikTok, Facebook әлеуметтік желілерімен тығыз жұмыс істеп жатқанын айтты.

Жыл басынан бері жасалған мониторингте 2 мыңға жуық интернет алаяқтық анықталып, мың жарым интернет-ресурсы шектелген.

"Қазақстанда құқығы бар бір-ақ ұйым жұмыс істеп келеді. Әлеуметтік желіде қазір лотерея ойнайтындар қаптап кетті — 10 мыңға жуық лотерея ойналып жатыр. Мұның бәрі заңға қайшы. Үкіметке нақты тапсырма берілді. Міне, жауап келді, әлеуметтік желідегі лотерея ойындарын рәсімдейміз, бір ретке келтіреміз", — дейді мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Дереккөз: "КТК" арнасы