Былтыр 1 336 млрд теңгенің құрылыс материалы өндіріліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда (2023 жылы 1 249 млрд теңге болған) 6,9%-ға артық өсім көрсеткен. Не өндірілді дегенге келсек, ескерткіштерге арналған тас өндірісі, минералды және шлак мақта өндірісі, отқа төзімді емес керамикалық кірпіш өндірісінің көлемі еселеп ұлғайған.
«QazIndustry» Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясының хабарлауынша, саладағы өндіріс көлемінің өсуі құрылыс жұмысының 18,5%-ға артуымен байланысты.
«Бұған белгілі дәрежеде инвестиция да ықпал етті. Өткен жылы тұрғын үй құрылысына 3 542,5 млрд теңге инвестиция бағытталып, 2023 жылмен салыстырғанда 14,7%-ға жоғары болған. Өндірістің ең үлкен көлемі Астана қаласына (жалпы өндірістің 13,5%-ы), Қарағанды облысына (9,3%), Алматы облысына (9,1%) тиесілі болды», деп хабарлайды «QazIndustry».
Өндірілген құрылыс материалдарын өзге елдерге сатудан түскен табыс көлемі – 276,3 млн доллар. 2023 жылмен салыстырғанда 11,8%-ға өсу бар. Негізінен шет мемлекеттерге отқа төзімді цемент, портландцемент, арматура, керамикалық оқшаулағыш бұйымдар, керамикалық плиткалар экспортқа шығарылады.
Импорттық көрсеткіш те экспорттан қалыспай өсіп жатыр. Жыл бойына 1 300,2 млн доллардың тауары сатып алынған. 2023 жылмен салыстырғанда сырттан сатып алу 8,8%-ға көбейген. Еліміз әсіресе, сыртқы нарықтан келетін цементтен жасалған бұйымдарға, шлак пен минералды силикатты мақтаға мұқтаж.
Құрылыс саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 180 млрд теңге. 2024 жылы Алматы облысында жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын «ТехноНиколь-Казахстан» ЖШС зауыты, Жамбыл облысында цемент өндіретін «Korcem» ЖШС зауыты, Шымкентте керамикалық плиткалар шығаратын «Wang Sheng Ceramic» ЖШС зауыты, басқа да жобалар іске қосылды. Бұл отандық құрылыс материалдарының өндірісін дамытуға елеулі серпіліс береді.