Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шараа елдегі жаңа үкіметтің құрамын таныстырды, деп жазады kazinform.kz.
Бұл туралы 29 наурызда SANA агенттігі хабарлаған.
Аш-Шарааның жақтастары Министрлер кабинетіндегі көпшілік орынға ие болды. Аш-Шара жаңа үкіметті "құру және өзгерту үкіметі" деп атады.
Министрлер арасында бір әйел бар. Христиан азшылығының өкілі және Башар Асад режиміне ұзақ уақыт қарсылас болған Хинд Кабават Сирияның Әлеуметтік істер және еңбек министрі болып тағайындалды.
Аш-Шараа ел тізгінін қолға алған кезде сайланған Сыртқы істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің басшылары өз қызметтерін сақтап қалды.
Сирияның уақытша басшысы үкіметтің негізгі басымдықтары Сирияны "қалпына келтіру" және "ұлт пен әрбір азаматтың мүдделеріне кепілдік беретін күшті және тұрақты мемлекет" құру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күресу, армияны дамыту және экономиканы нығайту болады деп баса айтты.