Ербол Қарашөкеев зардап шеккен тұрғын үйлерді аралады

Жаңалықтар

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев бастаған үкіметтік комиссия Т. Рысқұлов ауданындағы зардап шеккен тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды аралап шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

​​​Жаңатұрмыс ауылында аймақ басшысы комиссиямен бірге 5 үйді аралап, жағдайын бағамдады. Ауыл тұрғындарымен әңгімелесу барысында Ербол Қарашөкеев үйлері зардап шеккен тұрғындарға атаулы көмек көрсетілетініне сендірді.

​​​Ауыл мектебі ғимаратының да бүлінген жерлері анықталды. Облыс әкімі балаларға қолайсыздық туғызбас үшін қалпына келтіру жұмыстарын жедел бастау міндетін қойды.

​​​Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес залалды бағалау және бүлінген мүлікті қалпына келтіру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілетін болады. Құрамына облыс әкімдігінің, сейсмологиялық бақылау және зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығының, сондай-ақ түрлі министрліктер мен ведомстволардың өкілдері кіретін жұмыс тобы құрылды.

​​​Меркі және Т.Рысқұлов аудандарының ауылдық елді мекендерінде комиссия мүшелері ғимараттар мен тұрғын үйлерді аралап, жай-күйін көзбен көріп, техникалық тексеру жүргізеді.

​​​Соңғы мәліметтер бойынша екі ауданда 17 әлеуметтік нысан бүлінген. Оның ішінде 11 білім беру, 2 — денсаулық сақтау, 2 — әлеуметтік қорғау, 1 — спорт және 1 — мәдениет нысаны бар.

​​​Ауылдық округ әкімдіктеріне тұрғындардан баспаналардың зардап шеккені туралы 104 арыз-шағым түскен. Тұрғын үйлерді тексеру жалғасуда, шығын көлемі анықталуда.

​​​Аралау және атқарылған жұмыстардың қорытындылары облыстық жедел штабтың отырысында талқыланды.

​​​Қазіргі уақытта облыстағы жағдай тұрақты. Зардап шеккендер жоқ. Әлеуметтік және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарындағы, жол коммуникациялары, өнеркәсіптік кәсіпорындардағы жағдай облыс басшылығының ерекше бақылауында.