Топтың Homay әні аз уақыт ішінде көрші елдерде асқан танымалдылыққа ие болды.
2025 жылдың басында құрылған Башқұртстанның AY YOLA тобы фолк, рок, электроника секілді жанрлар мен қурай, қылқобыз, домбыра секілді дәстүрлі аспаптарды өзара үйлестіреді. Олар жобаны музыкалық альбом ретінде ғана емес, башқұрт эпосынан шабыт алған тұтас шоу ретінде таныстырады.
Топтың құрылу тарихы
Ay Yola тобы 2025 жылдың басында Башқұртстан Республикасында құрылды. 16 қаңтар күні ұжым телеграм арна ашып, 11 ақпан күні жоба философиясы баяндалған жазба жариялады. AY YOLA – шығармашылығы башқұрттардың "Орал батыр" эпосына негізделген музыкалық трио. Музыканттар олардың мақсаты көне туындының мәнін қазір көпке танымал музыкалық формалар арқылы жеткізу екенін айтады. Артынша телеграм арнаға "ВКонтакте", Yappi, TikTok секілді басқа да әлеуметтік желілер қосылды.
AY YOLA тобының құрамы
Топтың құрамында үш адам бар. Продюсері – өз елінде DJ Север атымен танымал Руслан Шайхитдинов. Бала күнінде скрипкада ойнауды үйренген. Авиациялық институттағы оқуын тәмамдаған соң мамандығы бойынша жұмыс істемей, радиоға орналасады, бизнес және диджеингпен айналысады. Шайхитдинов, сондай-ақ, топтың саунд-продюсері, бас пен қылқобызда ойнайды.
Русланның қызы Адель Шайхитдинова топта ән айтады және гитара мен домбырада ойнайды. Ay Yola – Шайхитдиновтардың алғашқы бірлескен жобасы емес, 2019 жылы ТНТ арнасындағы "Әндер" жобасында олар Musume атымен өнер көрсетті. Қазір Руслан мен Адель Ay Yola тобын құрса да, болашақта Musume болып өнер көрсетуге қайта оралмақ.
Оқи отырыңыз: Димаш – миллиард жанкүйері бар адам. Әншінің фанаттары туралы
Ұжымның үшінші мүшесі – Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі, "Арғымақ" этно-рок тобының құрушысы Ринат Рамазанов. Ол ән айтады және қурайда ойнайды. 2024 жылы үшеуі де "Менің Уфам" әнұранын таныстырып, жаңалықтарда "Йолам" жобасын қолға алғаны туралы айтылды.
"Бұл екі мүлдем бөлек ұжымның үйлесуі деуге болады. Адель қызым екеуіміз музыкамен шамамен 15-16 жыл шамасында айналысып келеміз, бірнеше альбом жариялаған Musume атты жобамыз да бар. Екінші жағынан – бэкграунды керемет бай, "Арғымақ" секілді тамаша ұжымды құрған, Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, көптеген аспапта қатар ойнайтын, башқұрт мәдениетін терең білетін Ринат Рамазанов. Былтыр мен 50 жасқа, ал Уфа 450 жасқа толды, өзіме және қалама сый жасағым келіп, әнұран жаздым. Осылайша "Менің Уфам" әні дүниеге келді, ол "Барша Уфа" телекомпаниясы ұйымдастырған байқауда жеңіске жетті, уфалықтарға қатты ұнады және бірнеше фильмге саундтрек болды. Бұл әнді жазған кезде мен Уфа әнұранының қурай дыбыстарынсыз болмайтынын түсіндім. Ринатқа қурай партиясын жазып беруін өтініп жүгінген едім. Ол бұл композицияға өте көп үлес қосты, қызықты идея ұсынды, біз оған қазақ тіліндегі ескі Уфа гимнінен бір бөлік қостық. Сол сәттен бастап Ay Yola деген атаумен жаңа тарих басталды. Біз үш бір-бірімен сәйкес келмейтін нәрсені: заманауи дыбыс, этникалық музыка жаңғырығы және "Орал батыр" эпосын біріктіруді ұйғардық. Бұл философия аттас альбомның барлық жерінде көрініс табады. Оны біз 10 айда жазып шықтық, демалыссыз жұмыс істедік", – деді Руслан Север mgazeta.com сайтына берген сұхбатында.

Ay Yola тобының шығармашылығы
2025 жылдың ақпан айында Ay Yola тобы әлеуметтік желіге Batyr дебюттық синглының үзіндісін көпке жариялады. Әннің жеткізер ойы – уақыт өтіп, керуен көшсе де, өзінің отбасы, жері мен сенімін қорғайтын нағыз батырлардың бар екенін, халыққа еш жамандық төніп тұрған жоқ екенін еске салу. Мәтінде эпостың бас кейіпкерін арманына жетелеген Ақбозат туралы да айтылады. Ал ән 21 ақпанда "VK Музыка", "Яндекс Музыка", "Звук" және т.б. платформаларда пайда болды.
Batyr синглы шыққаннан кейін музыканттар екінші релиз Homay-ды жария етті. Хумай – башқұрт аңыздарының кейіпкері, тазалық, даналық және туған жерге деген адалдықтың символы. Хумай – өзі үстінен ұшып өткен адамға жарқын болашақ сыйлайтын, әдемі аруға айнала алатын құс. Homay әні 14 наурыз күні көпшілікке жол тартып, көрші елдерде де хитке айналды.
Оқи отырыңыз: Димаш Құдайберген: Адамзатты тығырыққа тіреген мәселелердің тоқтауы – бейбітшілікке ұмтылыс
Ay Yola тобы – Homay
27 ақпан күні Ay Yola тобы тыңдармандарымен Batyr әнінің лирик-видеосын бөлісті – ол толыққанды бейнебаян емес, мәтіні жазылған видео. Сондай-ақ, топ әнді башқұрт және орыс тілінде жариялады.
Ay Yola тобы қазір
Қазір Ay Yola тобы болашақта Ural-batyr альбомына кіретін тректер шығарып жатыр. Оның 12 әннен құралатыны белгілі. 2025 жылдың 24 ақпанында ұжым Yola атты үшінші әнді таныстырды. 2025 жылғы 4 сәуірде топтың дискографиясы Орал батыр мен алып бұқаның шайқасын баян еткен Ugez әнімен толықты.
2025 жылғы наурыз айының соңында Ay Yola тобының Homay әні әлеуметтік желіде асқан танымалдылыққа ие болды. Тректің үзіндісі жарияланған видеоға тыңдармандар жүздеген пікір жазып, башқұрт мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып жатыр. Бұл туындыны "Аигел" тобының 2023 жылы жарияланған "Пыяла" хитімен де қатар қойып жатқандар бар. Ay Yola "Салават Юлаев" – "Сибирь" матчының алдында ән салды, сондай-ақ, мамыр айында Ün Music Week халықаралық фестиваліне қатысады деп жоспарланып отыр.