Биыл Қазақстанның Халық әртісі, этнограф-ғалым, композитор Александр Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағының жарыққа шыққанына 100 жыл толды. Ғалымның еңбектерін насихаттау, зерттеу мен зерделеу нәтижесі тағы бір еңбек аясына топтастырылып, «ХХ-ХХІ ғасырлардың құндылығы мен маңыздылық кеңістігіндегі А.В.Затаевичтің мұрасы: ғылым – мәдениет – қоғам» кітабы көпшілікке таныстырылды.
«Қазақ халқының 1000 әні» жинағының әлемдік мәдениет мен руханият кеңістігіндегі рөлі «Әлем халықтарының мәдени мұрасы:этномузыка, этнофор, этнограф» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік симпозиум барысында жалғасын тапты. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдастырған жиын ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық Комиссиясы, Материалдық емес заттық мәдени мұра жөніндегі ұлттық комитеті, Халықаралық түркі мәдениеті және мұрасы қорының қатысуымен өтті.
Жиынды жүргізген М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, академик, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов «Қазақ халқының 1000 әні» жинағының қазақ руханияты және музыка мамандары үшін құндылығы баспа бетінде жарық көрген алғашқы күннен-ақ анық болса, уақыт өте келе оның мәні әдебиет, тарих, тіл білімі және басқа да ғылым салаларына құнды дереккөз ретінде арта түсті. Себебі, бұл жинаққа ұлт зиялылары мен Алаш қайраткерлерінен бастап, қарапайым халық өкілдері – жеткіншек балалар мен жасы ұлғайған қариялар да өз үлесін қосып, дәстүрлі мұраны жеткізген. Бұл іс-шараның тек қазақ халқының тарихында ғана емес, түркі халықтарымен қоса, адамзат өркениетінде маңызы зор. Осыдан 100 жыл бұрын А.В.Затаевич қазақ пен қырғыздың көне ұлттық мұралармен қатар, жалпы түркі халықтарының, оның ішінде өзбек, башқұрт, қарақалпақ, дүнген, татар, тува, қалмақ және т.б. әуендерін тірнектеп жинап, нотаға түсіріп, жарыққа шығарып, әлемдік деңгейде таныстыра бастаған» деп атап өтті.
Бүгінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қоры фольклорлық мұраға, үнтаспалараға, көне қолжазбаға бай. Көп жылдар бойы қызмет еткен білікті ғалымдар, фольклортанушылар, өнертанушы мамандардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде фольклорлық үлгілерден бастау алатын қазыналар сирек қорда сақталып тұр. «Мұндай қазынаны, яғни қобыз, домбыра күйлері мен ән-жырларды жазып алып, бір ғасыр бұрын халықтық мұраны жинақтауда жанкешті қызмет еткен Александр Затаевичтің есімі қазақ халқы үшін аса қымбат. А.Затаевичтің 100 жыл бұрын шығарған «Қазақ халқының 1000 әні» жинағында, одан алты жылдан кейін шыққан «Қазақтың 500 ән-күйі» жинақтарында мол мұрадан бөлек, қаншама тарих және тағдыр бар» деп атап өтті академик.
Алқалы жиын А.В.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағы: тарих, теория және тәжірибе мәселелеріне» қатысты мазмұнды баяндама, зерттеулермен жалғасын тауып, құнды еңбектің әлемдік және отандық гуманитарлық ғылым аясындағы, ұлттыеқ мәдениеттегі этнофорлар (өнерпаздар) мен шығармашылық қауымдастықтар, зерттеушінің ауызша және жазбаша музыка дәстүрлерін зерделеудегі рөлі, тағы да басқа тақырыптар аясында өрбіді.
Симпозиумға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және елімізден қатысқан белгілі фольклортанушы, өнертану ғалымдар А.Затаевич еңбектерін бүгінгі күн тұрғысынан қарастырып, ғасырлар қойнауынан жиналған құнды мұраны зерттеуді жалғастыру қажеттігі мен бұл іске жас ғалымдарды тарту мәселесін қозғады.
Пленарлық отырыста баяндама жасаған Түркі әлемін зерттеу институты, Түркі фольклоры кафедрасының профессоры Метин Экиджи, Өзбекстанның Мәдениеттану және материалдық емес мәдени мұра ғылыми-зерттеу институты ЮНЕСКО-мен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Шухрат Абдуллаев, Әзірбайжан ҰҒА Фольклор институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейфаддин Гюльверди оғлы РзасойӨзбекстаннан келген профессор, филология ғылымдарының докторы Шомирза Турдимов түркі әлеміне ортақ мәдени мұра төңірегіндегі пікірін ортаға салып, жекелеген тақырыптар бойынша баяндама жасады.
Шыңғыс Айтматов атындағы Әдебиет институтының «Манас», фольклор және ақындық өнер бөлімі меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Мээрим Көлбаева «Александр Затаевич және қырғыз халық ауыз әдебиеті мен музыкасы» тақырыбына тоқтылса, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіман «А.В.Затаевичтің үшінші жинағы», ал М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты Айнұр Қазтуғанова «А.В.Затаевичтің мұрасы: ғылым, мәдениет және қоғамдағы құндылығына» қатысты баяндама жасап, ғылыми қырын аша түсті.
Халықаралық симпозиум секциялық отырыста жалғасып, қазақтың ән өнерінің тарихына тереңнен талдау жасалды.
АЛМАТЫ