Халыққа қалтқысыз қызмет

Жаңалықтар

Хакім Абай «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» дейді. Өз ісінде үзеңгілестерінен оқ бойы озық болған тұлғалардың бірі – Бердібек Сапарбаев. Ағамыз аянбай еңбек етіп, маңдай терін сарқып, қызметтік парызын парасатпен пайымдап, «Түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым…» деген Тоныкөкше мемлекет ісінде мүдіруді білген жоқ.

Бердібек Мәшбекұлының Әулиеатаның әлеуетін көтерудегі ерен еңбегін, күрделі мәселелерді тап басқан, сан салаға серпін сый­лаған батыл бастамалары мен жобаларын Жамбыл жұрты жоғары бағалайды. Себебі ол кісі өңірдің тізгінін қиын шақта қолға алды.

Берекелі жұрттың бірлігіне қауіп төнген «Қордай оқиғасына» байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен оқиға орнына мемлекеттік комиссияны бастап келген Бердібек Мәшбекұлына бүлінгенді бүтіндеп, қирағанды қалпына келтіру ғана емес, ел арасындағы татулық пен бірлікті нығайтудың айрықша миссиясы жүктелді. Бекең келе сала енді мұндай жағдайдың қай­таланбауын қадағалайтын «Бей­бітшілік пен келісім» жобасын құрды. Қордайдағы елді мекендер көгілдір отынмен толық қамтыла бастады. Ауызсу, тұрғын үй, жол құрылысы және көшелерді абаттандыру қолға алынды. Жалпы, бір жылдың ішінде осы ауданда 392 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар Қордайда «Тілдерді оқыту орталығы», имамдар үйі ашылды. Бес ауылдық округте қоғамдық кеңестер жасақталып, олар ішкі тұрақтылықты нығайту жөніндегі жұмысына кірісті.

Әулиеаталықтарды ғана емес, әлем жұртын әбігерге салған пандемиямен күрес кезінде де Берді­бек Мәшбекұлының қайраткер­­лік қыры айқындала түсті. Қара­па­йым медициналық маска­ның өзі қат дүниеге айналған тұста Мемлекет басшысының бастамасымен Отарда отандық вакцина шығаратын ТМД-да теңдесі жоқ биофарм зауыты құрылысының қолға алынуына мұрындық болды. Медицина саласындағы маман тапшылығы мәселесін түбегейлі шешу үшін Санжар Асфендия­ров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Тараз қаласындағы филиалының ашылуын ұйымдастырды.

Қордайдағы ахуал тұрақ­талып, жер-жаһанды жаулаған аурумен арпалыс жүріп жатқан тұс­та орын алған Байзақ ауданын­дағы әскери қоймада болған жары­лыс та облыс әкімі үшін сын сәттердің бірі еді. Жойқын жа­рылыс салдарынан қираған дүниені, орын алған шығынды айт­пағанда, қызмет бабында шейіт болғандардың жағдайы қабы­рғаға қатты батты. Бұл жолы да Берд­ібек Мәшбекұлы зардап шек­кен халықтың қасынан, істің басы­нан табылды. Аз ғана уақытта жарылыстан жапа шек­кен­дердің отба­сыларына жана­шырлықпен жәрдем беріп, зардап шеккен нысандарды қайта қалпына келтірді. «Орнында бар оңалар» деп дана халқымыз айт­қандай, тұрғындардың қалыпты тіршілігіне қайта оралуын жан-жақты қамтамасыз етті.

Сауапты іс санатындағы «Туған жерге туыңды тік», «Асарлатып үй салу» және «Жомарт түлек» секілді жобалар басталды. Асарлатып үй салу салты қайта жаңғыртылып, баспана бақытына қол жеткізе алмай жүрген 350-ге жуық отбасы осы жоба аясында үйлі болды. Ал Тараз қаласының қақ төрінен бой көтерген «Анаға тағзым» орталығы мен оның алдындағы қазақ әйеліне орнатылған ескерткіш – дана халқымыздың барша аналары мен аруларына көрсеткен сый-құрметі. Облыс әкімі өзі бастап апарып, балалар үйінен өңірде басшы лауазымдарда жүрген әріптестері мен кәсіпкерлерге бір-бір баладан қамқорлығына бекітіп берді.

Бастаған ісін аяқсыз қалдыр­майтын қайраткер қашанда халық­пен жаны бір, рухы егіз екенін нәтижелі істерімен дәлелдеді. Әкім болған екі жыл ішінде 460 мәр­те елді мекендерге шығып, мың­ға жуық нысанды аралады. 163 рет халықпен кездесіп, 800-ден аса мә­селенің оң шешілуіне ықпал еткен.

Мәселен, Талас ауданының бұ­рынғы орталығы Ақкөл ауылының әлеуеті үшін алаңдап жүрген ақсақалдардың бір өтініші – бос тұрған бұрынғы колледждің ғи­маратын қайта пайдалану болатын. Кезекті бір кездесуде осы мәселе көтерілгеннен кейін арнаулы әлеуметтік қызмет ұсыну орталығы құрылып, 2021 жылы 194 млн теңгеге нысанға күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. 2022 жылдың басынан 200 қызмет алушы қабылданды. 171 жаңа жұ­мыс орны ашылып, оның басым бөлігіне Ақкөл ауылының тұр­ғындары қабылданды. Бұрынғы қарашаңырақ болған соң облыс әкімі Ақкөлдің тыныс-тіршілігі­не көп алаңдайтын. Көл суының деңгейін өзі келіп көріп кететін. Көлге келген сайын «Мына көл­дің айналасы тура менің ауылым секілді. Топырағы да, ауасы да, суы да ұқсайды. Осы күні ауылды көп еске алам, ағайындарды сағынамын», деуші еді.

Ағамыздың жауапкершілігі мен іскерлігін қанша жазсақ та тауысу мүмкін емес. Өзекжарды лебізінің бірінде «Мен Сыр бо­йынан сабақ алып, Оңтүстіктен ой түйіп, Алтайдан өр мінезді көріп, Жайықтан жайдарылықты алған едім, енді міне, киелі Әулиеата топырағының батасын алып жүр­мін», деп шын пейіл, шынайы көңілін жасырмай айтатын. Бекзат болмысты, антына адал, аманатына берік Бердібек Мәшбекұлы сол дегеніне жетті. Әулиеатадан аттанар алдында да тектіліктің кең бесігіне айналған киелі аймақтың ақпейіл жұртының ақ батасын алып, қимастықпен қоштасқан еді.

Бүгінде сағынышқа айналған саналы ғұмырын ұлт пен ұрпақ жолында сарп еткен Бердібек Сапарбаев қоғамның әр саласында қолтаңбасы қалған, адам­гершілік пен парасаттың тізгінін тең ұстаған тұлға ретінде жүрек төрінде қалды. Ел басқару ісінің озық ойлы ақтаңгері атанған, сын­дарлы саясаттың саңлағы, кісі­лік келбеті, үлкенге құрметі, кіші­ге ізеті айрықша Бердібек Мәш­бекұлының жарқын бей­несі жадымызда. Ол кісі кемел адам еді. Бір артықшылығы – әр­дайым әріптестердің көңіл-күйін бағам­дап, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен-ақ қаншалықты қабілетті қызметші екенін біліп отыратын.

«Егер бектер қай жолмен жүр­се, онда ол бектің жолы – қызмет­керінің де, халқының да жолы», дейді Жүсіп Баласағұни. Байтақ даланың бес өңірін абыроймен басқарып, халықтың бақ-берекесін арттыруға өлшеусіз үлес қосқан Бердібек Мәшбекұлының жолын кейінгі жастарға берсін.

Қанатбек МӘДІБЕК,

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары