Астанада ақылы автотұрақтар мемлекет меншігіне кезең-кезеңімен қайтарылады

Жаңалықтар

Астанада ақылы автотұрақтарды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі, деп хабарлайды 24kz.

Себебі келісімшарттың күшін бірден жою мүмкін емес. Қала әкімдігінің мамандары осылай деді. Тұрғындардан қандай шағымдар түсті? Тариф өзгере ме?

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Бұл – қала орталығындағы ақылы автотұрақтардың бірі. Мұнда тариф бағасы сағатына 100 теңге. Көлікті санаулы минутқа қалдырсаңыз да, осы тарифты төлеуге тура келеді. Әйтпесе,3 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалауыңыз мүмкін.

Ақылы автотұрақтар мен олардың тариф бағасы қаншалықты қолайлы? Астаналық жүргізушілердің дәл осы сауалдарға қатысты пікірін тыңдап көрдік.

Блиц 1:

- Ақылы автотұраққа төлеп жатырмын. Мен не үшін төлеп жатырмын? Жай жұмысқа жақын болу үшін бе? Менің машинамды қазір сырып кетсе, оған ешкім жауап бермейді. Ол жекеменшік қой. Егер мемлекеттік болғанда, ол жерге камера орнатады.

Блиц 2:

- Заңсыз болса, иә, бір минут тұрсаң да, штраф болады төлемесең. 100 теңге көп ақша емес деп ойлаймын. 5 минутқа да ол нормально.

Блиц 3:

- Кешке таман үйдің маңындағы автотұрақтарда бос орын болмайды. Соларды кеңейтіп, оларды ақылы қылса, келісер едім. Ал тура көшелердің бойындағы автотұрақтарды ақылы қылу тиімсіз деп ойлаймын.

Қалада 10 мыңдай ақылы автотұрақ бар. Олар 2018 жылы жеке компанияға басқаруға берілді. Кәсіпкер әр аумаққа жол белгілері мен паркоматтар орнату, тариф мен тәртіпті қадағалау сияқты міндеттерді орындауы тиіс. Келісімшарт 20 жылға жасалғанымен, әкімдік оны мерзімінен бұрын тоқтатуды ұйғарып отыр.

Бауыржан Күмісбеков, қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы:

- 5 минут қана ғой жол ережесі бойынша тегін тұрақталу. Кейбір азаматтарға ол 5 минут жетпейді, сондықтан оны ұзарту туралы шағымдар түсіп жатыр. Ал кейбір азаматтардан, керісінше, өзінің ауласына автокөліктерден бөтен автокөліктердің көбеюіне байланысты аулаларына немесе жақын жерге ақылы автотұрақтарды орнатып беру туралы ұсыныстар түсті. Сол себепті 2025 жылы 6 ақпан күні сол келісімшартты бұзу туралы кезең дейді ғой, солай жасау туралы келісімшартқа қол қойылды.

Тарифтен түскен қаражаттың 25%-і ғана мемлекеттік бюджетке түссе, қалғаны компанияға тиесілі болған. «Енді ешбір кәсіпорынмен мұндай келісім жасалмайды», - дейді мамандар.

Бауыржан Күмісбеков, қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы:

- Мақсатымыз – ақылы автотұрақтардан түсіп жатқан қаражатты толығымен мемлекет меншігіне түсіру. Сол себепті басқа жеке серіктестіктер немесе ЖШС-ларға тарту көзделмеген. Екіншіден, осы ақылы автотұрақтардың сапасын жақсарту және халыққа ыңғайлы бағыттарын қарастыру болып саналады.

Ақылы автотұрақтарды түгел мемлекет меншігіне өткізу процесі қашан аяқталатыны әзірге белгісіз. «Ал тариф бағасына қатысты өзгеріс енгізу жоспарда жоқ», — деді әкімдік өкілдері.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Артур Горшняков