Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Самара – Шымкент тасжолында Lada 2170 автокөлігін тоқтатты.
Рульді басқарған Бөрлі ауданының 30 жастағы тұрғынын медициналық куәландырудан өткізу кезінде ол каннабиноид түріндегі есірткіге мас екендігі анықталды.
Сонымен қатар тексеру барысында ер адам бұрын 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғандығы белгілі болды.
Ұсталған адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Автокөлік арнайы автотұраққа қойылды.
Ұсталған адамға қатысты белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кету керек, 2025 жылдың басынан бастап Батыс Қазақстан облысында көлік жүргізу құқығынан айырылған адамдардың мас күйде көлік құралдарын басқарудың 40 фактісі тіркелген. Полиция көлік құралын мас күйде басқару заң бойынша қудаланатынын еске салады.