Елімізде 30 мыңнан астам адам құлақ мүкістігіне шалдыққан. Оның 6 мыңнан астамы бала. Дәрігерлер инфекциялық құлақ дерті мен туабітті кереңдік көбейгенін айтып дабыл қағып отыр.
Құлақтың естімеуі көбінде тұмаудың асқынуынан болады. Яғни инфекция мұрын жолдары арқылы өтіп, дыбыс жолдарын зақымдайды дейді, лор дәрігер.
"Аптасына 40 операция жасайтын болсақ, сол 40 операцияның 15-і құлаққа жасалады. Ол – өте үлкен көрсеткіш. Тек қана біздің аурухананы алып жатыр. Қала бойынша қаншама жасалып жатыр. 2050 жылға дейін 2 млрд адамға дейін деген болжам бар." Медет Елтайұлы, оториноларинголог дәрігері
Дәрігерлердің сөзінше, соңғы уақытта құлағы ауырып келетіндер көбейген. Бұл дерт балалар арасында да дендеген. Елде жыл сайын, орта есеппен 400 мың нәресте дүниеге келсе, соның 400-ден астамы құлақ мүкістігімен туылады. Қазіргі таңда туа бітті таскерең ауруымен 6000-нан астам бала тіркеуде тұр, деп жазады qazaqstan.tv.
"Кереңдікпен туылатын негізгі себептері ол 80 пайызға біздің тұқым қуалаушылық факторларға байланысты екен. Ал қалған жағдайларда бұл құрсақішілік жағдайларға байланысты, яғни жүкті әйелдің сыртқа факторларға оның жүктілік кезіндегі ауруларына байланысты немесе созылмалы инфекцияларға байланысты деген тұжырымдамалар бар." Майра Боранбайқызы, ҚР ДСМ Балаларды әлеуметтік оңалту басқармасының басшысы
Туа бітті кереңдік көбіне тұқым қуалайды. Алайда соңғы жылдары жағдай өзгерген. Қыз-келіншектер жүктілік кезінде және оған дейін де антибиотиктерді шамадан тыс қолданады. Ал дәрінің кей компоненттері ағзада сақталып қалады. Салдарынан жатырдағы баланың дамуы тежеледі, дейді балалар лоры Алмат Ұланбекұлы.
"Одан басқа қазіргі қоғамдағы ең үлкен мәселенің бірі – соционалды антибиотика терапияның жоқтығы. Беталды антибиотикалық терапиямен айналысу. Яғни қазіргі біздің қоғамда антибиотиктер көп қолданылады ғой. Сол антибиотиктар әсер етеді. Яғни жаңағы есту нерві зақымдануы мүмкін." Алмат Ұланбекұлы, қалалық балалар ауруханасының лор-хирург дәрігері
Бүгінде сурдологиялық қызметтің арқасында 30 мыңға жуық адам құлақ мүкістігімен ауыратыны анықталды. Дәрігерлер диагноз неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым толық жазылып кету мүмкіндігі жоғары дейді.