Жетісу облысында қайық аударылып, мұздай суда қалып кеткен екі балықшы құтқарылды

Жаңалықтар

23 наурызда кешкі сағат 21:14-те Ескелді ауданы полициясының кезекші бөліміне техникалық тоғанда қайық аударылып, екі адам мұзды суға түсіп кеткені туралы дабылды хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жетісу облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға орнына бірінші болып патрульдік полиция экипажы – капитан Мұхтар Нұрмұхамбетов пен лейтенант Бекқазы Байбол жеткен.

Белгілі болғандай, балық аулап жүрген егде жастағы ер адам қайық аударылған кезде суға құлап кеткен. Оның серігі еш ойланбастан көмекке ұмтылған, алайда көп ұзамай ол да суға бата бастаған. Полицейлер бірден әрекетке көшкен.

"Қиналған жандардың айқайын естіген капитан Нұрмұхамбетов батылдық танытып, мұздай суға секіріп, суға кеткендерге қарай жүзеді. Әбден әлсіреп қалған бірінің аяғы балық аулау торына шырмалған. Ал екіншісі аударылған қайыққа жармасқан күйде табылды. Жағдайдың өте күрделі екенін түсінген капитан дереу көмек шақырған. Оқиға орнына ТЖД-ның кезекші құтқарушысы келіп, екінші ер адамды судан шығара бастаған. Дәл сол уақытта жедел-тергеу тобы да оқиға орнына келіп жеткен. Оның құрамындағы жедел уәкіл Өмірбек Сенбай арқанмен белін байлап, суға сүңгіп, зардап шеккендерді жағаға алып шығуға көмектескен". Жетісу облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі

Осылайша полиция мен құтқарушылардың бірлескен әрі жанқиярлық әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды.

Құтқарылғандар – 62 жастағы Асхат Шаяхметов пен 36 жастағы Аман Оспанов өз құтқарушыларына алғыс білдірді.