Air Astana жолаушылар ұшағы Баку әуежайына қонуға мәжбүр болды

Жаңалықтар

Air Astana авиакомпаниясының ұшағы Бакудегі "Гейдар Әлиев" халықаралық әуежайына қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оқыс оқиға 2025 жылдың 24 наурызына қараған түні болды. Тбилиси – Алматы бағыты бойынша рейс көкке көтерілді.

"Air Astana әуекомпаниясының Airbus A321 әуе кемесінің капитаны Гейдар Әлиев халықаралық әуежайға қонуды сұрады. Мұның себебі — борттағы жолаушылардың бірінің денсаулығы күрт нашарлаған. Ұшақ жергілікті уақыт бойынша 00.25-те сәтті қонды", — деп жазады oxu.az Әзірбайжан порталы.

Жолаушыға оқиға орнында көмек көрсетіліп, кейіннен ол шұғыл ауруханаға жеткізу үшін жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.

Air Astana әуе компаниясының шешімі бойынша осылайша рейс өз уақытынан кешіктірілді. Қалған жолаушылар қонақ үйге орналастырылды. Zakon.kz. қосымша ақпарат алу үшін авиакомпанияға ресми сауал жолдады.

Бұған дейін Air Astana әуе компаниясы ұшу қауіпсіздігін арттыру үшін литий батареялары мен оларды қамтитын құрылғылардың тасымалдануын бақылау шараларын қатаңдатқаны туралы мәлімдеген болатын.