ІІМ кадр саласының офицері есірткі жасырушыны ұстады

Жаңалықтар

Көктемгі мереке күндері Астана қаласының көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге шыққан офицер есірткі жасырушыны құрықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Күдіктілерді ұстаған ІІМ кадр саясаты департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Есжан Арыстанов оқиғаның қалай болғандығын айтып берді.

"Ішкі істер органдарының барлық бөлінісі күшейтілген кезеңге ауыстырылған болатын. Сол кезеңде министрліктің орталық аппаратынан Астана қаласының көшелеріне қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға, профилактикалық жұмыстар жүргізуге қызметкерлер жұмылдырылды. Олардың арасында өзім де болдым. Әр қызметкерге бекітілген аймақ болды. Онда кешкі сағат 18:00-ден түнгі 01:00-ге дейін қызметімізді атқардық. Қызмет атқару барысында түнгі сағат 00:00-лер шамасында қарама-қарсы келе жатқан екі жас азаматты байқадым. Олар мені көре сала, тез арада көпқабатты үйлердің ауласына кіріп кеткен болатын", – деді ол.

Аға инспектордың түйсігі күдікті көрінген қос азаматтың соңынан еруге бағыттаған. Тәртіп сақшысын көріп ізін суытпақ болған жігіттердің бірінен гашиш есірткісі табылған. Онымен қоса, олардың аула тұрғыны емес, басқа облыстан келгені анықталды. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақыртылып, заң жүзінде шара қабылданды. Бүгінде тергеу амалдары жалғасуда.

"Ішкі істер органдары саласының әрбір бөлінісі күшейтілген кезеңге ауысқан кезде барлығы да қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға шығып, өз үлестерін қосады", – дейді полиция майоры.

Есжан Арыстанов бүгінде кадр саласында қызмет атқарады. Жалпы погонды еңбек жолын 2004 жылы бастаған ол Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратына 2022 жылы келген.

Бұған дейін Алматы облысында көшкін жүріп, тас жолды жауып қалғандығы хабарланған болатын.