Астанада Наурыз мейрамы кең ауқымда тойланып жатыр

Жаңалықтар

22 наурызда елорда тұрғындары мен қонақтары көктем мерекесін тойлауды ары қарай жалғастыруда, деп хабарлайды Zakon.kz.

Елорда әкімдігінің хабарлауынша, қоғамдық мерекелер қаланың барлық ауданында, оның ішінде елді мекендерде мерекелік бағдарламалар жалғасады.

Қалалық алаңда (елорда әкімдігі ғимаратының алдында), "Қазақ елі" және "Бәйтерек" монументтері алаңдарында, "Астана-Арена" стадионы аумағында, Ғашықтар саябағында және ЭКСПО алаңында қолөнер жәрмеңкелері ашылып, тәттілер сатылып жатыр, сол сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Қатысушылар гір көтеру, армрестлинг, арқан тарту, асық ату, қазақша күрес, қой көтеру және т.б. сайысқа түседі.

Мерекелік іс-шаралар өтетін орындарда қазақстандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді. Олардың қатарында Қанат Үмбетов, Абай Бегей, Әлішер Кәрімов, Айдар Байділдин, "Алтын" триосы, "Арт домбыра" тобы, Мәди Қадыров, Ғалымжан Жолдасбай, Нұркен Якияев, Меломен, Жақсыкелді Маясаров, "Қазақия" дуэті, Әйгерім Мамырова, Кеңес Әлімжан, Ғаділбек Жанай, Маржан Арапбаева, Нұрлан мен Мұрат, Асхат Тарғын, Айгүл Иманбаева, "Алтын" этно ансамблі, Диарт, Бәйтерек топтары, Ернар Жұматаев және т.б. бар.

Сағат 11:00-де Сарыарқа ауданындағы қалалық алаңда қазақ күресінен біріншілік басталды. Ары қарай көрермендер үшін жұлдыздардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.

22 наурыз күні сағат 13:00-де Байқоңыр ауданындағы Ататүрік саябағында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Торайғыров, 2 мекенжайындағы аулада сағат 13:00-ден бастап үлкен мерекелік шара өтеді.

Сарайшық ауданында сағат 11:00-ден бастап "Қазақ елі" монументі жанындағы алаңда мерекелік шаралар басталып, онда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнер жәрмеңкесі мен мерекелік сауда өтіп жатып. Сағат 13:00-де эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама басталады.

Бұл күні Оқушылар сарайының аумағында мерекелік бағдарлама сағат 11:00-де, концерт 13:00-де өтеді. Сол сияқты сағат 12:00-ден бастап SANA спорт кешенінің аумағында, Күйшілер аллеясында, "Алма" гүлзарында, Р.Қошқарбаев даңғылы, 80/1, Достық үйінің алаңында концерттік бағдарлама, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнер жәрмеңкесі және мерекелік сауда-саттық өтеді.

Нұра ауданындағы "Астана Арена" стадионында мерекелік шара сағат 11:00-де басталды.

Сағат 12:00-де "Хан Шатыр" сауда орталығына қарама-қарсы «Ғашықтар» саябағында Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Қырғызстан елшіліктері ұлттық нақышта мерекелік киіз үйлер тігіп, астаналықтарды өз мәдениетімен таныстырды. Тұрғындар өзбек, түрікмен, тәжік, қырғыз палауы мен ұлттық сусындарды сатып ала алады.

Сонымен қатар, "Жағалау" шағын ауданындағы саябақта (Сығанақ көшесі, 1) отбасылар үшін байқаулар, концерттер және ойын-сауықтары бар гастрономиялық фестиваль өтті.

Еске салайық, 14 наурыз күні басталған "Наурызнаманың" онкүндігі аясында Астанада көктемнің ұлық мерекесіне арналған 200-ден астам мерекелік іс-шара – концерттер, көрмелер, қойылымдар мен фестивальдар өтіп жатыр.

Бүгін робот-гуманоидтар алматылықтар мен қала қонақтарын Наурыз мейрамымен құттықтауда. Оларды Қабанбай батырдан Төле биге дейінгі Панфилов көшесінде сағат 22:00-ге дейін кездестіруге болады.