ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов Үкімет басшысының тапсырмасы аясында Батыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болып, өңірдің су тасқыны кезеңіне дайындығын тексерді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ол жергілікті атқарушы органдар мен төтенше қызмет өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізіп, су тасқынының алдын алу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын талқылады.
Ол ең алдымен, Орал қаласындағы су басу қаупі бар аумақтарды аралады.
Орал қаласы аумағынан 480-мыңнан астам текше метр қар, 55 148 текше метр еріген қар суы сорылды. Бұл жұмысты жүргізуге 300-ге жуық техника және 350-ден астам жұмысшы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Орал қаласын ықтимал су тасқынынан қорғау мақсатында жалпы саны – 12 тұрғызылған. Олардың ұзындығы — 11,4 км.
Сонымен қатар, Премьер-министрдің кеңесшісі Қаратөбе, Сырым, Бөрлі, Теректі және Шыңғырлау аудандарының аумағын әуеден тікұшақ арқылы қарады.
Сырым ауданының аумағы арқылы ұшу кезінде Аралтөбе ауылының маңында су бұзған көпірді қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Сырым ауданында Өлеңті өзенінің бойында 8,1 шақырым судан қорғау бөгеті тұрғызылған, оның ішінде 42 суды өткізу шлюзі бар.
Бұдан соң, Премьер-министрдің кеңесшісі Қаратөбе ауданы, Қоржын ауылы Жақсыбай өзенінің аумағын қарап өтті. Былтырғы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға Қоржын ауылында 90 үй салынған болатын.
Бұдан соң Ералы Тоғжанов Қаратөбе ауданының орталығындағы Қалдығайты өзеніне барып, су тасқының алдын алуға бағытталған жұмыстармен танысты. Қар суының еруіне байланысты, Қалдығайты өзенінің суы көтеріліп, өз арнасы арқылы өтіп, жақын маңдағы жолды бұзған болатын. Осыған байланысты, 32 техника тартылып, төтенше жағдайлар қызметінің 60 маманы және 23 аумақтық қорғаныс қызметінің сарбаздары орын алған төтенше жағдайды жою жұмыстарын жүргізді. Олар өзен жағасын құм толтырылған қапшықтармен қорғау, суды бөгеу, жолды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Бүгінде өзен бойында 3,7 км бөгет салынған. Ал, жалпы Қаратөбе ауданы бойынша 10,8 шақырым бөгет тұрғызылған.
Осыдан кейін, Ералы Тоғжанов Шыңғырлау өзенінің бойымен ұшып, Шыңғырлау, Бөрлі аудандарында атқаралып жатқан жұмыстармен танысты.
Шыңғырлау ауданында – 3,5 км бөгет, ал Бөрлі ауданындағы өзендер бойындағы елді мекендерде 40 км бөгет тұрғызылған. Сондай-ақ, Шыңғырлау өзенінде жалпы саны 9,5 мың шаршы метр мұз жарылған.
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны кезеңінде Батыс Қазақстан облысына келген уақытта Қаратөбе ауданыны4 тұрғындары Қалдығайты өзені арқылы өтетін 9 елдімекенді жалғайтын көпір салу мәселесін көтерген еді. Қазіргі уақытта көпірдің жобалық сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Осы ретте, ауыл ақсақалдарының алдында Ералы Тоғжанов аталған шешімге қолдау білдіретінін және тиісті министрлікке жүгініп, мәселені шешу бойынша жәрдемдесетінін жеткізді. Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов жергілікті атқарушы органдар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды жедел қабылдай отырып, жағдайды толық бақылап отырғанын атап өтті.
Мамандардың мәліметінше, Батыс Қазақстан облысындағы өзендерде су деңгейі түскен. Ендігі кезекте Ералы Тоғжанов Ресей тарапымен трансшекаралық өзендердегі жағдайды бақылауда ұстап, күнделікті ақпарат алмасуды тапсырды.
Жалпы алғанда, БҚО-да су тасқыны кезеңінде елді мекендерді қорғау үшін «Демеу Қазақстан қорының» және жергілікті бюджеттің қаражатымен 4,5 млрд теңгеге ұзындығы 143 км қорғаныс бөгеті орнатылды, 9 км су бұру каналы, 93 км арық салынды, 74 км магистральдық канал тазартылды. Облыс аумағынан 937,1 мың текше метр қар шығарылды.
Өзендерде мониторингті жүргізу үшін облыста 29 гидробекет жұмыс жасауда.
Сондай-ақ 32 мың адамды қабылдай алатын 317 уақытша орналастыру пункті дайын және малды қауіпсіз аймақтарға айдап апаруға арналған 195 орын бекітлді.
Қазіргі танда БҚО-дағы барлық күш пен құралдар күшейтілген режимде, тәулік бойы кезекшілікте жұмыс атқаруда.