Қол диірмен

Жаңалықтар

«Наурыз айы туғанда ,

Той болушы еді бұл маңда»,

деп жүректерді ән тербейтін көктем мерекесінің ең үлкен асы – наурызкөже. Аңсап жеткен асты әзірлеуде апа-әжелеріміз ең алдымен қол диірменнің көмегімен тары-талқан, ұн тартатынын ұмытқан жоқпыз. Тіпті дөңгеленген тасты айналдыруға таласып-тармасатынбыз. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде аса маңызға ие бұл құрал бүгінде көненің көзіне айналды.

Қол диірмен – қазақ тұрмысындағы көне ұн тартқыш құрал. Қазақ халқының күнделікті тұрмысында қол диірмен ерекше орын алған. Ол дәнді дақылдарды ұнтақтау үшін қолданылатын қарапайым әрі тиімді құрал ежелден бері көшпелі өмір салтына бейімделген, үй шаруашылығында таптырмас көмекші болған заттардың бірі.

Екі бөлек жалпақ тастан дөңгелек, шеңбер тәрізді етіп жасалған жәдігеріміз Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің қорында сақтаулы. Оны ертеде алғаш қолданған кездері «диірмен» деп атаған.

Диірменнің жұмысы бір-біріне беттескен екі табақ тастың арасына салынған дақылдың үстіңгі тасты айналдырған кезінде үгілуіне негізделген. Тастардың салмағына, үлкендігіне қарай алынатын өнім әртүрлі болған екен.

Диірменнің құрылымында астыңғы тас – «ұрғашы тас», үстіңгі тас – «еркек тас» деп аталады. Диірмен тасының жасалу техникасы қарапайым болғанымен ауыр еңбекті, аса ыждағаттылықты қажет етеді. Оны жасау үшін тез желініп, үгіліп қиыршық тастарға бөлшектенбейтін тастар таңдап алынады. Тастардың бірін ұрғашы тасқа арнап, көлемділеу етіп, дөңгелете қиып алып, беткі жағын тегістеп, дәл ортасын қашап ояды. Осы ойыққа үстіңгі тасты ұстап тұратын кіндік темір тігінен қойылып бекітіліп, қозғалмауы үшін ағаш сына қағылады. Астыңғы тасқа қарағанда кішірек көлемде дөңгелете қиылатын еркек тастың да астыңғы тасқа беттесетін жағы тегістеліп, дәл ортасы қашалып ойылады, бірақ мұның ойығы кеңірек болады. Ұрғашы тас үстіне, тігінен тұрған кіндік темірге еркек тастың тегістелген бетін ойығына өткізіп, тастарды бір-біріне беттестіріп қояды. Үстіңгі тастың кең ойылған ойығы тастың еркін айналуын қамтамасыз етеді және осы ойық арқылы диірменге тартылатын дәнді дақылдар салынып тұрады. Ендігі кезекте еркек тастың үстіңгі бетінен, жиек тұсынан алынып салынатын ағаш тұтқа қойылатын тағы бір ойық ойылады. Кертіле ойылған ойыққа тұтқа қойылып, диірменді сол арқылы жүргізеді. Тұтқаны оң қолымен ұстап, диірмен тасын сағат тіліне қарсы бағытта айналдырады.

Мұндай диірменге астық дақылдарының дәнін шикілей тартып жарма, ұн, қуырылған дәнін тартып талқан дайындаған. Диірменнен шыққан өнімді елеп, дәннің толық жарылмаған ірілері мен кебегін малға жем ретінде берген. Ертеде тұз және бояу үшін қолданылған жоса да осы диірменде тартылып ұнтақталған.

Халық тұрмысындағы осындай маңызды қызметіне байланысты ол құт-береке, ырыстың белгісі саналған. Сондықтан байырғы кезде халық арасында «тас шешей» деп те атаған екен. Ал кейінгі заманда жел диірмен, су диірмен, бу диірмен, от диірмендер пайда болғанда оны ажырату үшін «қол диірмен» деп атаған.

«Қол диірмен – қазақ халқының тұрмысында терең із қалдырған көне еңбек құралы. Ол ұн тартудың қарапайым, бірақ ең тиімді әдісі ретінде ғасырлар бойы қолданылып, әр отбасының тіршілігінің ажырамас бөлшегіне айналды. Бұл диірмен тек астық ұнтақтауға арналған құрал ғана емес, қазақ халқының еңбекқорлығы мен тұрмыс мәдениетінің айнасы. Оның айналасында отбасы мүшелері бірігіп, ұн түю арқылы ортақ еңбекке араласқан. Қазақтың «Еңбектің наны тәтті» деген сөзінің мәні осы қарапайым диірменнің маңында тереңдей түседі. Бүгінде қол диірменнің көнергеніне қарамастан, оның тарихи және мәдени маңызы ерекше. Музейімізде сақталған бұл көне жәдігер халқымыздың тұрмыстық дәстүрін, ата-бабамыздың тіршілік үшін жасаған еңбегін ұмытпауға шақырады. Қол диірмен – қарапайымдылық пен ұқыптылықтың белгісі, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен шеберліктің куәсі», дейді ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің қор сақтаушысы Мақпал Бұтабаева.

Алматы облысы