Дүкен көбейіп, базар азайды

Қосшы

Елде 70 мың дүкен бар.

Нысандардың 2 мыңы желілік сауда орны, қалғаны үй маңында орналасқан дүкендер. Бұлардың бөлшек саудадағы үлесі 34 пайызға жетті. Бір жарым миллион қазақстандық осы сауда саласында еңбек етеді. Олардың басым бөлігі бөлшек сауданың арқасында нан тауып отыр.

Дүкендер саны одан әрі де көбейіп келеді. Сол себепті сауда саласындағы қызметкерлер саны да арта түсері анық. Ал сауда базарлары керісінше азайып жатыр. Базарлардың орнын мамандандырылған дүкендер мен супермаркеттер басқан.

Елде базарлар азайып, дүкендер мен супермаркеттер көбейіп келеді. Биыл қаңтар-мамыр аралығында 344 нысан салынды. Бұл былтырғы бес айдан екі есе көп. Оның ішінде 68 мамандандырылған дүкен мен 45 супермаркет бар. Сондай-ақ 113 шағын дүкен, 5 жабық базар мен 10 автоорталық тұрғызылды.

Сауда нысандарының құрылысы

68 мамандандырылған дүкен

45 супермаркет

113 шағын дүкен

5 жабық базар

10 автоорталық

Ал базар саны жыл санап кеміп келеді. Былтыр елде 626 базар тіркелді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 18 базарға аз. Жалпы, кейінгі бес жылда 18,2 пайызға кеміді. Базарлардың 70 пайызға жуығы қалада орналасқан. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, ең көп базар Түркістан облысында. Аймақта 106 базар жұмыс істеп тұр. Базары ең аз өңір Ұлытау облысында 7 базар бар. Бүгінде елде базарларды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. ЦИТАТА.

САУДА БАЗАРЫНЫҢ САНЫ

Барлығы – 626

Қалада – 69,2%

Түркістан облысы – 106

Ұлытау облысы – 7

Базарларды жаңғырту – бірінші кезекте бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі екенін ескеру қажет. Модернизиция тек сатып алушылар үшін ғана емес, сатушылар үшін де қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасайды. Әкімдіктер мен аумақтық сауда департаменттері жаңғырту шараларын уақтылы әрі сапалы жүргізіп, модернизацияға кедергі келтіретін түйткілді мәселелерді жою жұмыстарын күшейтуге тиіс.

Айдар Әбілдабеков, ҚР СИМ Сауда комитетінің төрағасы

4 жылда 156 базар қайта салынды

Базарларды жаңғырту 10 жыл бұрын басталған еді. 2020 жылға дейін ашық базарларды шыны мен бетоннан қайта салу міндеттелді. Дегенмен, пандемия бұл жоспарға кедергі келтірді. Және көптеген базар иелері бұл шығынды қалталары көтермейтінін айтып шағымданған еді. Сондықтан берілген мерзім тағы бес жылға шегерілді. Яғни биылғы жылдың соңына дейін облыстардағы базарлар жабық ғимараттарға көшуге тиіс. Жалпы, кейінгі 4 жылда 156 базар жаңғыртылды. Бүгінде сауда базарларын жаңғырту жөніндегі 2025 жылға дейінгі жол картасы бекітілді. ЦИТАТА.

Әкімдіктер тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігінен, пандемия кезінде құрылыс материалдарының қымбаттауы секілді бірқатар объективті себептерге байланысты базарларды жаңғырту жұмыстары мерзімінде аяқталған жоқ. Нәтижесінде, жаңғырту мерзімі екі рет ауыстырылды. Бүгінгі таңда барлық сауда базары үшін жаңғыртудың бірыңғай мерзімі 2025 жылғы 31 желтоқсаны болып заңнамамен белгіленген.

Айдар Әбілдабеков, ҚР СИМ Сауда комитетінің төрағасы

Биыл 100 базар жаңғыртылады

Биыл 100 сауда базарын жаңғырту жоспарланған. Батыс Қазақстан облысында ең көп базар қайта жөнделеді. Аймақта 14 нысан жаңартылуға тиіс. Бұдан кейін Алматы облысында – 11, Алматы қаласында – 10 және Түркістан облысында 8 базар жаңадан салынады.

Сауда базарларын жаңарту

Барлығы – 100

Батыс Қазақстан облысы – 14

Алматы облысы – 11

Алматы қаласы – 10

Түркістан облысы – 8

Жаңғырту жұмыстары жеке инвестиция есебінен жүргізіледі. Сауда заңнамасына сай базарлар онлайн төлем аппараттарымен жабдықталуы керек. Санитарлық және өрт қауіпсіздік талаптары ескерілуі шарт. Және Сауда нысанының өз аумағында көлік тұрағы болуға міндетті. Ал белгіленген мерзімге дейін үлгермеген кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жалпы Ұлттық даму жоспары бойынша 2029 жылға дейін заманауи сауда форматы үлесін 70 пайызға жеткізу көзделген.