Киберсақтандыру жеке деректердің таралуынан зардап шеккен азаматтарға сақтандыру төлемін алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіхалықов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.
Басылымның хабарлауынша, ведомство жеке деректердің таралу жағдайлары, деректердің таралуына жол берген компаниялар және тікелей жарияланған жеке деректер туралы ақпаратты қамтитын бірыңғай орталықтандырылған деректер базасын құруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар зардап шеккен азаматтарға жеке деректері таралғаны үшін өтемақы алу мүмкіндігі қарастырылмақ.
"Киберсақтандыру бойынша бұл бастаманы қолға аламыз, әңгіме айыппұлды көбейту туралы болып отыр. Мемлекет жеке деректердің таралуына жол бергендерге салатын айыппұлды ұлғайтады. Осы орайда азаматтардан орынды сұрақ туындайды "Азаматтың деректері таралғаны үшін қандай өтемақы алды? Қазір айыппұл мемлекет кірісіне түседі, ал азаматтар ештеңе алмайды. Киберсақтандыру процесі біреудің кінәсінен жеке деректері жоғалған азаматтың тікелей сақтандыру төлемін алуына мүмкіндік береді. Бұл өте маңызды мәселе, азаматтар осы мүмкіндікті белсенді пайдаланады деп ойлаймын", - деді Руслан Әбдіхалықов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.