Жаңа көлік мініп, сан соғып қалған қазақстандықтар көбейіп барады.
Елде енді сапасыз көлік сатылмайтын болады. Себебі бұған дейінгі заң автосалондардың пайдасына жұмыс істеді, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Халық сатып алған жаңа көліктерінен ақау шықса қайтара алмай қиналатын. Сауда министрлігі бұл салаға жаңа өзгерістер енгізбек. Егер ол қабылданса, бұзылған көлікті еш кедергісіз қайтаруға немесе ауыстыруға мүмкіндік туады. Сәйкесінше сатушылар да тек сапаға жұмыс істейді.
Жаңа көлік мініп, сан соғып қалған қазақстандықтар көбейіп барады. Өткен жылы 144 адам сапасыз көлікке шағымданса, оның 57-сі қытайлық маркаларға тиесілі. Кейбірі жүргізбей жатып бұзылса, енді бірі уәде етілген сапаға сай келмеген.
Осылайша, 58 тұтынушыға 810 миллион теңге қайтарылған. Бұл елдегі көлік нарығындағы күрделі мәселелердің бір ғана көрінісі. Егер заң күшеймесе, ертең сіз де су жаңа көлігіңізбен жөндеу орталықтарынан шықпай қалуыңыз мүмкін.
Тұтынушылар шағымы артуының себебі бар. 2021 жылы қабылданған заң халықтың емес, автобизнесмендердің мүддесін қорғап келген. Заңға "техникалық күрделі тауарлар" деген санат енгізіліп, көліктерді сол тізімге тықпалап жіберген. Демек, көліктегі ақау тек адам өміріне зиянын тигізсе ғана темір тұлпарды қайта айырбастауға болады.
Ал ол аса қауіпті болмаса қайта өткізіп не ауыстыра алмайсың. Бұған халық та қарсы еді. Қазір құқық қорғаушылар мен депутаттар "бұл заң әділетсіз" деп бас шұлғып отыр. Ал Сауда министрлігінің өкілі "Мәжіліс қарауында жатқан құжаттағы жаңа өзгеріс мақұлданса, мұндай олқылық болмайды" — дейді.