"Рахман қайнары" шипажайы мемлекеттік меншікке қайтарылып, қайта жаңғыртылады. Демалыс базасының айналасында шағын және орта бизнесті дамыту белсенді түрде жүзеге асады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта "Рахман қайнары" шипажайы бұғаттау мен шектеулерден босату процесінен өтіп жатыр. Уақытша түрде ол Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің балансында тұр. Ал болашақта республикалық маңызы бар шипажайға айналуы мүмкін.
"Біз барлық шектеу мен бұғаттау алынғаннан кейін оны әрі қарай дамыту мәселесін қарастырамыз. Бұл нысан жеке меншікке берілмейді. Міндетті түрде мемлекеттік меншікте қалады. Одан кейін толықтай жаңғырту жұмыстары жүргізіледі", – деді ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиев туризм саласы өкілдерімен кездесуде.
Туристер жиі келетін бұл демалыс базасының айналасында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін мүмкіндік жасалады. ШҚО кәсіпкерлері өз өнімдерін осы жерде саудалай алады. Сондай-ақ жергілікті бизнес өкілдері шипажай қызметін ұйымдастыру жұмысына тартылмақ.
Кездесу барысында туризм саласының мамандары "Рахман қайнарына" және Рахман көліне апаратын соқпақ жолдың жабылып қалуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді. Аталған жол демалыс базасы арқылы өтетін жалғыз бағыт болып саналады және бұл – өңірдегі ең танымал туристік бағыттардың бірі.
"Көл мен қайнарларға қолжетімділік міндетті түрде сақталады. Шипажай республикалық деңгейдегі шипажай мәртебесін алған соң жаяу жүргіншілерге арналған жаңа бағыт салынады. Жаңа жол шипажайдың ішінен өтпей, айналма бағытпен жүргізіледі.", – деп сендірді Ардақ Мәдиев.
Ал жаңа бағыт ашылғанға дейін туристер үшін бұрынғы соқпақ жол жұмыс істей береді.