Павлодарға кейінгі екі жылда жаңа автобустар үсті-үстіне әкелініп жатыр. Қоғамдық көлікті жаңарту, тасымал саласына субсидиялауды енгізу өз нәтижесін беріп, бүгінде қала ішіндегі жолаушылар тасымалының сапасы арта бастағаны байқалады.
Жуырда облыс орталығындағы «Павлодар автокомбинаты» ЖШС «Yutong» маркалы жаңа 20 автобуспен толықты. Әр автобустағы отыратын орындар саны – 35, жалпы сыйымдылығы – 93 адам. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін көліктер пандустармен, ауа баптағыштармен, радиаторлармен жабдықталған. Осылайша, серіктестік жолаушылардың алғысына бөленіп жатыр.
– Жаңа автобустар №1, №1Э бағыттарына шығады. 2024 жылы әкелінген 20 автобус №2, №9 бағыттарына қайта бөлінеді. Бүгінгі таңда автокомбинат желісінде 55 автобус жұмыс істейді, оның 40-ы жаңа. Өңір билігі қоғамдық көліктің жұмысын жақсартумен үшінші жыл қатарынан жүйелі айналысып келеді. Субсидиялауды енгізу, электронды билет жүйесін енгізу, жолаушылар ағынының ашықтығын қамтамасыз етудің арқасында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді, – деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Кәсіпорын директоры Александр Панченконың айтуынша, күзге салым тағы 15 автобус сатып алып, оларды №18, №27 бағыттарға жіберетін ойлары бар. Осылайша, биыл тасымалдаушының барлық алты бағытындағы көліктер жаңартылады.
Тағы бір ірі тасымалдаушы – «№1 автобус паркі» ЖШС қала ішінен өнеркәсіптік ауданға көшіп, орналасқан жерін өзгерткен еді. Өңір басшысы Асайын Байханов аталған кәсіпорынға барып, парктің жай-күйін зерделеді. 1957 жылы негізі қаланған компанияның меншік иесі алдыңғы жылы ауысып, инвестор екі жылдың ішінде тасымалдау сапасын жақсарту мақсатында автопарк пен оның инфрақұрылымын жаңартуға шамамен 10 млрд теңге қаражат құйды.
Компания өкілдері аймақ басшысына жаңартылған автобус паркін көрсетіп, жүргізушінің Face ID арқылы кәсіпорынға кіруінен бастап маршрутқа шығуына дейінгі толық жұмыс циклі туралы баяндады. Диспетчерлік, медициналық кабинеттің жұмысымен таныстырды. Сондай-ақ әкім күн сайын 4-5-санаттағы механиктер мен слесарьлар бригадасы жұмыс істейтін жөндеу аймағында болды. Кәсіпорында заманауи автоматтандырылған жуу, май ауыстыру, кең бокстар, меншікті жанармай құю бекеті жабдықталған. Жүргізушілерге демалатын орын, тамақ ішетін, киім ауыстыратын, жуынатын, кір жуатын бөлмелер қарастырылған. Бүгінде кәсіпорынның 20 автобус бағытында 260 жүргізуші жұмыс істейді. Автопаркте 2023–2024 жылдары шығарылған 130 автобус, 2019 жылғы 30 автобус бар.
«Әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалына бағытталған субсидиялардың бизнестен кетпей, кәсіпорынды дамыту үшін қайта инвестицияланғанына қуаныштымын», деп атап өтті облыс әкімі.
Құрылтайшының айтуынша, автопарк қала сыртына көшуден ұтылмаған. Бұрынғы автопарк тұрғын үйлердің дәл ортасында орналасқан еді. Қала тұрғындары автобустардың жиналуына, таңертең, кешкі уақыттарда көліктерден шығатын газдар мен шуға жиі шағымданатын. Қазір ол құбылыс сап тыйылған.
«Жаңа база бұрынғыдан екі есе үлкен. Біз мамандандырылған автопаркті жоспарлап, іске асырдық. 2025 жылдың жоспарында қосымша 20 автобус сатып алу, шатырды, кірме торапты ауыстыру, ғимараттың екінші, үшінші қабаттарын жөндеу, аумақты асфальттау көзделіп отыр. Қысқасы, алдағы уақытта қызметкерлерімізге барынша қолайлы жағдай тудыруды жалғастыра береміз. Бұл өз кезегінде жолаушылар тасымалының сапасын одан әрі жақсартуға септігін тигізеді», деді №1 автопарктің құрылтайшысы Ризван Цинаев.
Павлодар облысы