Алдын ала қамданыс

Жаңалықтар

Былтыр су тасқыны Атырау халқын біраз әбігерге салған. Көктем шығып, күн жылына бастағаны сол-ақ екен, жергілікті жұрт биыл тағы беймаза күйге түсті. Өйткені Атырау облысының Жем, Қиғаш өзендерінде су тасқыны қаупі жоғары екені анықталып отыр. Өңір басшылығы аталған су айдындарының маңында орналасқан елді мекендерді қорғаудың қамына кірісіп кетті.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов­тің айтуынша, алдына ала баға­лауға сәйкес былтырғы тасқын қаупінің қайталануын жоққа шығаруға болмайды. Сол себеп­ті бұған дейін соғыл­ған бөгет­тер реконс­трук­ция­ланып, қалыпқа кел­тіріліп жа­тыр. Оған қажетті қаржы қарасты­рылған. Материалдық-техникалық резервтер толық жинақталған.

«Дәл қазір Жайық өзенінен қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен, Ресей Федерациясының Орынбор облысындағы әріптестермен бай­ланыс жасап отырмыз. Жайық өзенінің жағалауында бөгет со­ғылып, бекітілді», дейді С.Шәп­кенов.

Әкімнің пікірінше, өңірдегі әр ауданға жауапты адам бекі­тіліп, учаскелерге негізгі күш­тік құрылымдар бөлінеді. Көр­шілес Ақтөбе, Ресейдің Орын­бор облыстарындағы тиісті құры­лымдармен ұдайы байланыс орнатылып су тасқынының қаупі жөніндегі деректер күн сайын жаңартылады.

«Су тасқыны қаупі төнуі ықтимал елді мекендердің тізбесі қайта нақтыланды. Бақылауға алынған 51 елді мекеннің 14-інде тасқын қаупі азайды. Алайда 37 елді мекенде әлі де қауіп бар. Қызылқоға ауданының 9 ауылдық округі мен 5 елді мекенінде жалпы ұзындығы 41,2 шақырым бөгет салынды. Жылыой ауданында су арналарының 95,3 шақырым түбі тереңдетілді. Оның ішінде 47,2 шақырымы Құрсай каналында, 48,1 шақырымы Жем өзенінде тазаланды. Жағалауға 65,3 шақырым бөгет тұрғызылды», деп мәлімдеді облыс әкімі.

Тасқын судан болуы мүмкін залалды жоюға 1 511 адам, 244 тех­ника, 187 мотопомпа, 20 жүзу құралы, 3 тікұшақ әзір тұр. Сондай-ақ 48,5 тонна жанар-жағармай, 235 тонна инертті материал, 866 мыңнан астам қапшық, 69 дана шатыр, 5 мыңнан астам төсек жабдығы дайындалған. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін 200 эвакуациялық бекет әзірленді.

Қызылқоға ауданында үш өзеннен тасқын қаупі төну мүмкін екені анықталып отыр. Олар – Ойыл, Ноғайты, Сағыз. Кейінгі екеуі шағын су арнасы болғанымен, елді мекендерге төнетін қауіп аз емес. Бұған Ақтөбе облысындағы Ащы Ойыл өзенінің арнасынан асуы, мол қардың күрт еруі әсер етеді.

«Су тасқынының алдын алуда «Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филиалының болжамына талдау жасалып отыр. Болжамға сәйкес ауаның температурасы күрт жоғарыласа, өзендерде су деңгейі көтеріліп, жайылмаға таралу қаупі бар», дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Бақтыбек Төлегенов.

Аудан әкімі Қанат Әзмұ­хановтың мәліметінше, «Қарасу» өзегі бойындағы ауызсу ұң­ғымалары қоршалып, бөгет тұр­ғызылып жатыр. Қазір ауданда 6 қайық, 66 мотопомпа, 60 мың қапшық, күрек, суға өткізбейтін аяқкиім секілді қажетті құралдар жиынтығы бар. Атырау қаласында қосымша 10 қайық резервте тұр. Тұрғындарды орналастыратын 24 эвакуациялық бекет дайын.

Атырау облысы