Алматыда ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақ әйелдерінің бейнесі сақталған бірегей фотосуреттер көпшілік назарына ұсынылды , деп хабарлайды 24KZ телеарнасы.
Сирек кездесетін тарихи суреттер Германияның Гамбург этнографиялық музейінен табылып, "Архив-2025" мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстанға жеткізілген.
Бұған дейін еш жерде жарияланбаған фотошежірелер Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінің 5 жылдық ізденісінің нәтижесінде жинақталған.
Көрме 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылып, қазақ әйелдерінің өткен ғасырлардағы тұрмыс-тіршілігі мен болмысын паш етеді.
Фотосуреттердегі қыз-келіншектер мен әйелдердің есімдері беймәлім. Фотосуреттердің көпшілігі Семей өңірінде түсірілген.
Олардың авторы – орыс этнографы, саяхатшы, фотосуретші Самуил Дудин. Ол – Санкт-Петербургтегі этнографиялық музейдің негізін қалаушылардың бірі.
"Біз анықтай келе Дудиннің суреттерінің түпнұсқасы Германияның Гамбург қаласында екенін білдік. Былтыр олармен жарты жылдай хабарласып, хат жазысып, ол жерден 96 фотоқұжатты алып келдік", — дейді "Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві" РММ директоры Ілияс Ысқақов.
Көрмеде екі сурет көпшіліктің назарын ерекше аударған. Бірінде кимешек киген апалар, жас келіншектер мен балдырғандардың жымиған сәті бейнеленген. Ал екіншісі күлімдеген келіншектің фотопортреті. Қазақ тарихын зерттеп жүрген ғалымдардың айтуынша, мұндай суреттер сирек кездеседі.
Жалпы, Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві кейінгі бес жыл ішінде мыңға жуық фотосуретпен толыққан. Бұл материалдар Ресей, Армения, Беларусь, Моңғолия, Германия, Польша және Швейцария елдерінің мұрағаттарынан алынған.