Таразда өздерінен қашқан Hyundai жүргізушісін полицейлер қоршап тоқтатуға мәжбүр болды

Жаңалықтар

Таразда түнде патрульдік полиция инспекторлары Hyundai Sonata автокөлігін жас бала жүргізіп бара жатқанын байқаған. Жүргізуші полиция қызметкерлерінің көлікті тоқтату туралы заңды талабына бағынбай, қауіпті маневрлар жасап, бой тасаламақ болған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Полиция аталған оқиғаның 14 наурызда түнде болғанын нақтылайды. Жолдың басқа қатысушыларына қауіп төндірмес үшін құқық бұзушыны бірнеше экипаждың қоршап тоқтатуына тура келген.

"Тексеру барысында оның кәмелетке толмағаны және автокөліктің әкесіне тиесілі екені анықталды. Жасөспірімнің заңды өкілі шақырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оған қатысты төрт әкімшілік хаттама толтырылды. Автокөлік айып тұрағына қойылды", делінген полиция хабарламасында.

Бұған дейін Алматыда полицейлер банк бөлімшесіне лап қойғанын жазғанбыз. Аталған фактіні растаған полиция, алайда өздеріне келіп түскен ақпараттың жалған болып шыққанын нақтылады.