Тоқаев Қазақстан мен Қатар арасындағы өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялады

Жаңалықтар

2025 жылы 17 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Айта кетсек, Сенат 2025 жылы 6 наурызда "Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы" және "Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы" заңдарды қарап, мақұлдаған болатын. Депутаттар атап өткендей, келісімдерді ратификациялау екі елдің қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша құқықтық ынтымақтастығының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді және екіжақты қатынастарды нығайтуға ықпал етеді.

"Мақұлданған заңдар Қазақстан мен Қатардың құқық саласындағы ынтымақтастығын нығайтуды көздейді. Келісімдердің ережелері ұстап берудің рәсімдері мен құқықтық көмек көрсету мәселелерін реттейді. Алдағы уақытта аталған заңдар екі елдің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы бірлескен қызметінің тиімділігін арттырады деп сенеміз", – деді Мәулен Әшімбаев.

Келісімдерде көрсетілетін көмектің тізбесі, одан бас тарту үшін негіздер, құпиялылық туралы шарттар және сұрау салуды орындау кезінде алынған мәліметтерді немесе дәлелдемелерді пайдаланудағы шектеулер егжей-тегжейлі айқындалады. Сондай-ақ күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсін дәлелдеу үшін қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу көзделген. Іздестіріліп жатқан адамдарды экстрадициялау, оның ішінде адамдарды кейінге қалдыру немесе уақытша ұстап беру мәселелері де ескерілді. Уағдаласушы мемлекеттердің өз азаматтарын беруі көзделмейтінін атап өткен жөн.

Бұған дейін Мемлекет басшысының "Самұрық-Қазына" АҚ-тың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдағанын жазғанбыз.