БҚО-да Шідерті өзендегі су деңгейі күрт көтеріліп, уақытша көпірдің айналасындағы топырақты шайып кеткен. ТЖМ өкілдерінің хабарлауынша, жағдай бақылауда, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
ТЖМ-ның мәліметінше, Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында қардың қарқынды еруінен Шідерті өзеніндегі су деңгейі күрт көтерілген.
Салдарынан су Ақсай-Жымпиты автожолының 27-ші шақырымында, Аралтөбе ауылының жанында негізгі өткелді жөндеу кезінде салынған уақытша көпірдің айналасындағы топырақты шайып кеткен.
"Жағдай ТЖМ-ның тұрақты бақылауында. Жергілікті атқарушы органдар мен полиция департаменті қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды", — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта ҚР ТЖМ 20982 әскери бөлімінің әскери қызметшілерінің күшімен уақытша көпірді нығайту үшін инертті материалдары бар қаптар толтырылып жатыр.
"Жергілікті тұрғындар жедел хабардар етілді, елді мекендерге қауіп жоқ. Қазіргі уақытта Бөрлі ауданы Ақсай қаласы жағынан баламалы жол жүру жолдары бар. Қалпына келтіру жұмыстары су деңгейі төмендегеннен кейін бірден басталады", — деп қосты ТЖМ өкілдері.