Қазақстанда электрик пен сантехник қызметі қанша тұрады

Жаңалықтар

Бұл саладағы мамандық иелері көбіне жеке қызмет көрсетуді жөн көреді.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Бағаны салыстыру кезінде мамандарды үйге шақыру құны ескерілді. Мамандар үйге келіп, жұмыстың ауқымына қарай бағасын айтады.

Сантехник шақыру

Сантехник шақыру қызметі Петропавлда арзан болып шықты. Мұнда сантехниктер үйге 1000 теңгеге келеді. Маман үйге келіп, қарап, жұмыс көлемі мен бағасын айтады.

Шымкент, Қостанай, Павлодар, Түркістан мен Талдықорғанда сантехник шақыру қызметі 2000 теңгеден басталады.

Семей, Орал, Өскемен тұрғындары бұл маманды үйіне шақырса 3000 теңге төлейді. Ал кейін олардың қызмет көрсету құны әртүрлі болады. Бітеліп қалған құбырды тазарту құны 10 — 15 000 теңге болса, смеситель ауыстыру шамамен 10 000 теңге тұрады. Ал Ақтөбеде маман шақыру қызметі 3 500 теңгеден басталады.

Кей өңірде сантехник қызметінің құны орта есеппен 5 000 теңгеге жуықтайды. Бұл бағаны Тараз, Көкшетау, Қызылорда, Жезқазған, Қарағанды, Ақтау, Алматы мен Атырауда ұсынады.

Елімізде ең қымбат қызмет — Астана қаласында. Мұнда үйге шақыру құны 10 000 теңгеден басталады.

Электрик қызметі

Ал, электршілер қызметі елімізде арзандау. Тек олардың әр жұмысының өзіндік құны бар. Ең төмен баға Түркістан қаласында. Мұнда мамандар 500 теңгеге келеді және розетка ауыстырып береді.

Талдықорған, Тараз, Қостанай, Қарағанды мен Жезқазғанда электрші шақыру құны 2 000 теңге тұрады. Олар розетка ауыстырады, қай жерден ақау кеткенін анықтайды және шешімін айтады.

Павлодар, Көкшетау, Шымкент, Ақтөбе, Петропавл мен Оралда маманды 3 000 теңгеге шақырады. Кейбір электрші егер үйге келіп қарап, ақауды анықтап, жөндеуге келіссе, тек жұмыс ақысын сұрайды.

Қызылорда, Ақтау, Өскемен, Семей, Атырау мен Астанада электршіні үйге шақыру қызметі 5 000 теңгеден басталады. Ақшаны беріп, көп жұмыс атқарады деген ой қате.

Астанада бір розетканы ауыстыру үшін электршілер 5 000 теңге сұрайды. Бірақ бір емес, 3-4 розетка ауыстырса, 10 000 теңгеге келіседі. Астаналық мамандар жұмыс ауқымы кішкентай, ақысы төмен қызметке келісе бермейді.

Елімізде электршілер қызметі Алматыда қымбат. Мұнда қызмет құны 7 000 теңгеден басталады. Әсіресе қаланың қай ауданында тұрып, кімді шақырғаныңыз маңызды. Барар жер шалғай болса, қызмет ақысы өсе береді.