Өткізілген челлендж – ұлттық киім кию мәдениетін дәріптеуді және оның заманауи өмірмен үйлесімділігін көрсетуді көздейді, деп жазады Egemen.kz.
Елорда әкімдігінің ресми сайтының мәлімдеуінше қатысушылар ұлттық киіммен қала көшелерін аралап, мерекелік көңіл-күй сыйлады, сондай-ақ басқаларды да осы бастамаға қосылуға шақырды.
«Шапан – қазақ халқының ерекше ұлттық киімі. Ол – қонақжайлықтың, мәрттіктің белгісі. Наурызда шапан кигенде біз тек ұлттық киімімізді ғана емес, ата-бабамыздан қалған бай мәдени мұрамызды да жаңғыртамыз», деді қалалық мәслихат депутаты, «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» қанатының Астана бойынша филиал басшысы Арсланбек Мағзұм.
«Тақия – ұлттың айнасы. Ол домалақ пішінімен киіз үйді еске салады. Киіз үй – бірліктің, тұтастықтың белгісі. Ал тақия – жастықтың, рухтың, намыстың белгісі. Өз болмысыңды ұмытпа. Тақияңды түзе», деді «Есірткісіз болашақ» корпоративтік қорының басшысы Жандос Ақтаев.
Челленджге қатысушылар отандастарымызды ұлттық киім күнімен құттықтап, ерекше дәстүрді бірге жаңғыртуға шақырды.