Қостанайда «Мемлекеттік ту» челленджі мәресіне жетті

Жобалар

Міржақып Дулатұлының Бидайық ауылынан бастау алған «Мемлекеттік ту» челленджі бүгін Қостанайда мәресіне жетті. Рәміздер күніне арналған шарада коньки тебуден әлем чемпионы Денис Кузин көк туды әскерилерге табыс етті. Сонымен қатар салтанатты жиында ел атағын шығарып жүрген бірқатар азаматқа құрмет көрсетілді.

Қасиетті мекен, көрнекті қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының туған жерінен бастау алған «Мемлекеттік ту» челенджі 700 шақырымды артқа тастап, бүгін Қостанайға жетті. Өткен мен бүгінді байланыстырған осы бір рәсім тарихи жадыға, ұлттық құндылықтарға, елге деген тағзымның бір белгісіндей қабылданды.

Жанұзақ Аязбек, жазушы, журналист:

- Еліміздің әрбір рәмізі адамның жүрегіне тиіп, ерекше бір толқытады. Өйткені бұл рәміздердің бәрі ұлттық намыспен тікелей байланысты, біздің ұлттық дәстүрімізбен, салтымызбен, ұлттың рухымен байланысты. Сол рух бар жерде ұлт бар. Рух бар жерде елдің намысы бар. Рух бар жерде біздің еліміздің мәртебесі, абыройы бар.

Орталыққа жиналған жұрттың көбінің қолында көк ту және көшеде әнұран шырқап, мерекені әспеттеп жүргендердің дені жастар.

Серік Құлпейісов, жастар ұйымының жетекшісі:

- Жастар өте белсенді. Қазақтың рухы бар. Өз рәміздерін бәрі де құрметтейді. Осындай мерекеде бәріміз де бір-бірімізге үлгі көрсетеміз.

Салтанатты жиында облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің әлеуметтік, экономикалық жетістіктеріне тоқталып өтті. Былтыр 9 жоба жүзеге асып, 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл төрт зауыт іске қосылмақ.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Жыл соңына дейін Арқалық әуежайын қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ ел үкіметі Рудный қаласында ұзындығы 18 шақырым айналма жол салу туралы шешім қабылдады. Кеше ғана осындай шешім қабылданды. Биыл біз 500 мың шаршы метр тұрғын үй саламыз. Қазақстан мемлекетін құру, қазақстандық болу – бізге тағдыр сыйлаған ұлы бақыт. Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Салтанатты шарада әскерилер қоян-қолтық ұрыс қимылдарын көрсетіп, өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров