Жаршы

Түркістан облысының тұрғыны 5 млн теңге бопсалады деген күдікпен ұсталды

Түркістан облысының тұрғыны 5 млн теңге бопсалады деген күдікпен ұсталды

Түркістан облысында ер адам 5 млн теңге бопсалады деген күдікпен ұсталды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Polisia.kz порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

ІІМ-нің ақпараттық медиапорталының мәліметінше, Түркістан облыстық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ақша бопсалады деген күдікпен Сарыағаш ауданының 38 жастағы тұрғынын ұстаған.

"Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам Шымкент қаласының тұрғынынан ар-намысына нұқсан келтіретін мәліметтерді таратамын деп қорқытып, 5 миллион теңге талап еткен. Тінту барысында күдіктіден телефон мен 5 миллион теңге көлеміндегі ақша табылып, тәркіленді", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ ер адамның бұған дейін ұрлық пен есірткі заттарын сақтау деректері бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталған.

Қазіргі уақытта ол қамауға алынған. Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы (Бопсалау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз

Дереккөз: Nur.kz · Гүлмира Ерубаева