ТЖМ бүгін Алматы мен облыс тұрғындары сезген жер сілкінісінен кейін жаңа мәлімдеме жасады. Қазіргі уақытта бақылау жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
ТЖМ-ның мәліметінше, бүгін, 28 қыркүйекте сағат 09:38-де Қазақстан аумағында жер сілкінісі тіркелді. Алматы қаласында сейсмикалық әсердің есептік қарқындылығы 3-4 балл, Қарасай ауданында 2-3 балл болған.
Жер сілкінісінен кейін ҚР ТЖМ Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының комиссиясы геофизикалық, сейсмологиялық, гидрохимиялық, гидродинамикалық және басқа да бақылаулардың деректерін талдаған.
"Мамандар болған жер сілкінісін фондық сейсмикалық белсенділіктің көріністеріне жатқызады. Алматы болжамдық полигонындағы қазіргі сейсмикалық жағдай тұрақты деп бағаланады.
ҚР ТЖМ СБЗҰҒО комиссиясының қазіргі бағалауынша, Алматы болжамдық полигоны аумағында жойқын жер сілкінісін күтуге негіз жоқ", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар мамандар сейсмикалық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп, келіп түсетін деректерді талдауды жалғастырып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін таңертең ҚР ТЖМ "СБЗҰҒО" ЖШС сейсмикалық станциялар желісі жер сілкінісін тіркеді. Жер асты дүмпуі Алматы қаласында сезілгені хабарланды. Желіде алматылықтардың ғимараттар мен пәтерлерден сыртқа шығып жатқаны туралы видеолары тарала бастады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Дереккөз: Nur.kz · Гүлмира Ерубаева



