2026 жылғы 7 қазанда Теміртау қаласындағы Республика даңғылында орналасқан пәтерлердің бірінен 52 жастағы ер адам мен 49 жастағы әйелдің мәйіті табылды. Оларды өлтірді деген күдікпен ұлы ұсталды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы бүгін, 9 қазанда өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Аталған дерек бойынша "Адам өлтіру" бабымен қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері осы қылмысты жасады деген күдікпен қаза тапқандардың 20 жастағы ұлын анықтап, ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада.
Полицияның түсіндіруінше, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
2026 жылғы 6 қазанда Таразда тапа-тал түсте болған қатыгез кісі өлтіру оқиғасы қала тұрғындарын дүрліктіргені хабарланған еді. Қала орталығында 24 жастағы жігіт өлтірілген. Куәгерлердің айтуынша, оның кеудесіне пышақ сұққан.
Дереккөз: Zakon.kz · Айгерим Тарина



