Қосшы

“Кінәлілер заңға сәйкес жазаланады”: Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін қазақстандықтарға үндеу жасалды

“Кінәлілер заңға сәйкес жазаланады”: Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін қазақстандықтарға үндеу жасалды

Бүгін, 2026 жылғы 25 қыркүйекте, Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Каспий теңізінде бір күн бұрын болған қайғылы оқиғаға байланысты қазақстандықтарға арналған үндеуді таратты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мәлімдемені Үкіметтік комиссияның өкілі, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов оқыды:

"Бүгін сағат 09:15-те үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары барысында бұған дейін із-түзсіз жоғалып кеткен екі әскери қызметшінің денесі табылды. Осылайша оқиға болған жердегі іздеу жұмыстары толық аяқталды. Қаза тапқан батырлардың туған-туыстарына, жақындарына және қызметтестеріне шын жүректен қайғыра көңіл айтамыз. Үкіметтік комиссия жұмысын жалғастырып жатыр".

Облыс әкімінің орынбасары қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге жан-жақты көмек көрсетіліп жатқанын айтты.

"Қазір құзырлы органдар тергеу жүргізіп жатыр, қылмыстық іс қозғалды. Арнайы топ болған оқиғаның барлық егжей-тегжейі мен себеп-салдарлық байланыстарын анықтауда. Тергеу осы оқиғаға қатысты барлық сұраққа толық жауап береді. Әрбір дерек мұқият тексеріліп, оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаның әрекетіне қағидатты құқықтық баға беріледі. Тергеу мен сот кінәсін анықтаған адамдар заңға сәйкес жазаланады", – деп атап өтті Ербол Ізбергенов қазақстандықтарға үндеуінде.

Ол Үкіметтік комиссияның жұмысын жалғастырып жатқанын айтты.

"Біздің міндетіміз – қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын объективті түрде анықтау және барлық қажетті шараны қабылдау. Тергеу нәтижелері мен барлық ресми ақпарат жұртшылыққа уақытылы жеткізіліп отырады", – деп түйіндеді Ербол Ізбергенов.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Маңғыстау облысының әкімдігі (@mangystau_oblysynyn_akimdigi)

2026 жылғы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз оқу-жаттығуы кезінде 17 әскери қызметшіні Каспий теңізіне ағызып әкеткен. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.

Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі ("Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("Кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Маңғыстау облысындағы әскери қызметшілердің қаза табу себептерін тергеу үшін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқаратын Үкіметтік комиссия құрылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, 25 қыркүйекті аза тұту күні деп жариялады.

Дереккөз: Zakon.kz · Айгерим Тарина