Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы үш тәулікте республика бойынша жол қозғалысы ережелерін бұзудың 11 мыңға жуық дерегі анықталған. Оның ішінде жалған нөмірмен жүрген және іздеуде тұрған көліктер де бар, деп хабарлайды Zakon.kz.
ІІМ жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу және жолын кесу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Негізгі міндеттердің бірі – жалған, қолдан жасалған, жасырылған және оқылмайтын мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану деректерін анықтау.
Министрліктің түсіндіруінше, кейбір жүргізушілер камераға түсіп қалмау және жауапкершіліктен жалтару үшін көлігінің нөмірін әдейі жасырады. Алайда мұндай әрекеттердің артында автокөлік ұрлығы, жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу және өзге де заңсыз әрекеттер болуы мүмкін.
Соңғы үш тәулікте анықталған заң бұзушылықтардың ішінде:
- 1 300 дерек – көлікті оқылмайтын мемлекеттік нөмірмен басқару;
- 600 дерек – мемлекеттік нөмірсіз көлік жүргізу;
- 150 дерек – жалған немесе қолдан жасалған нөмірлік белгілерді пайдалану.
Сонымен қатар 1 100 көлік арнайы тұраққа қойылып, 800-ден астам мемлекеттік нөмірлік белгі тәркіленген.
Мәселен, Қостанай облысында жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген екі жолаушылар автобусы анықталды. Астанада да жалған нөмірмен жүрген автокөлік тоқтатылып, тексеру барысында оның іздеуде тұрғаны белгілі болды.
Павлодар облысында мемлекеттік нөмірсіз көлік жүргізген жүргізуші ұсталды. Ол жылдамдықты асырып, полиция қызметкерінің тоқтау туралы талабын орындамаған әрі қауіпсіздік белдігін тақпаған. Жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ІІМ мемлекеттік нөмірлік белгілердің ресми талаптарға сай әрі анық оқылатын болуы керектігін ескертеді. Нөмірді жақтаумен, үлдірмен, пердемен немесе басқа құрылғылармен жабуға болмайды.
Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар республика аумағында тұрақты түрде жүргізіледі. Министрлік азаматтарды осындай заң бұзушылықтарға куә болған жағдайда "102" нөміріне хабарласуға шақырды.
Сондай-ақ ІІМ жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтап, өз қауіпсіздігімен қатар өзге қатысушылардың қауіпсіздігіне де жауапкершілікпен қарау қажеттігін еске салды.
Дереккөз: Zakon.kz · Айгерим Тарина



