Жаршы

Павлодар теміржол вокзалында жігіттің аяғын пойыз жұлып әкетті: ол сегіз күннен кейін қайтыс болды

Павлодар теміржол вокзалында жігіттің аяғын пойыз жұлып әкетті: ол сегіз күннен кейін қайтыс болды

Павлодар теміржол вокзалында пойыз жас жігіттің аяғын жұлып әкетті, ол бірнеше күннен кейін қайтыс болды. Ақпарат әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Threads желісінде жарияланған мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға 30 қыркүйекте болған.

Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы өкілдерінің NUR.KZ тілшісіне берген мәліметінше, 30 қыркүйекте жедел жәрдем бригадасы 2004 жылғы пациентті Сұлтанов атындағы облыстық ауруханаға өте ауыр халде жеткізген.

Диагнозы: бірнеше жерден жарақат, сол жақ аяқтың травматикалық ампутациясы.

Жігітке шұғыл ота жасалды. Кейіннен тағы бірнеше ота, қарқынды терапия және реанимациялық шаралар жүргізілді.

"Дәрігерлердің күш салғанына қарамастан, алған жарақаттарының ауырлығы салдарынан 2026 жылғы 8 қазанда пациент қайтыс болды", – деді дәрігерлер.

Көліктегі полиция департаментінің өкілдері аталған факті бойынша Павлодар станциясындағы көлік полициясы бөлімі қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.

"Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді", – деп атап өтті ведомстводағылар.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз

Дереккөз: Nur.kz · Эльмира Асқарқызы