Қосшы

Тоқаев жасанды интеллектіні реттеу мәселесін қозғады

Тоқаев жасанды интеллектіні реттеу мәселесін қозғады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні реттеу мәселесін қозғады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ол Қазақстанда цифрлық трансформацияның құқықтық негізі қаланғанын, "Жасанды интеллект туралы" заң мен Цифрлық кодекс қабылданғанын еске салды. Президенттің айтуынша, бұл арада мұқият ойластырылған институционалдық теңгерім мен тәуекелге негізделген тәсіл қажет.

– Аталған саланы шамадан тыс реттеуге болмайды. Өйткені әлеуеті зор командалар мен әзірлемелер және капитал басқа юрисдикцияларға кетіп қалуы ықтимал. Сондықтан қарапайым қағиданы ұстанған жөн: азаматтардың қауіпсіздігі, құқықтары мен аса маңызды мүдделері сынға түскен жағдайда, талаптар қатаң болуға тиіс, алайда шектен шықпаған дұрыс, – Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы адам капиталына айрықша мән берді. Президенттің пікірінше, заманауи деректер орталығы, озық технологиялар өздігінен ешқандай нәтижеге кепіл бола алмайды. Ғалымдар, инженерлер, кәсіпкерлер болмаса, технологиялық серпіліс жасау мүмкін емес.

– Сондықтан біз білімді, білікті, жасампаз мамандар даярлайтын ұлттық ғылыми-инженерлік мектеп қалыптастыруымыз керек. Осы орайда, жаңадан ашылған Qazaq AI Research University-ге айрықша міндет жүктеледі. Бұл оқу орны білім берумен қатар, өндіріс пен экономиканың сұранысына сай ғылыми зерттеулер жүргізуге тиіс. Осы мақсатпен жасанды интеллектіні нақты салаларда қолдануға арналған AI+X моделі қолға алынып отыр. Оның мүмкіндігін өндіріс, энергетика, медицина, қаржы, мемлекеттік басқару жүйесінде тиімді пайдалану керек. Жалпы, бізге дайын өнім мен жаңа технология жасай алатын мықты, яғни нағыз білікті мамандар қажет. Осы тұста ескеретін маңызды мәселе бар. Жасанды интеллект адамның интеллектуалдық қабілетін алмастыратын құрал емес, оқу және білім алу үдерісіне көмекші тәсіл болғаны жөн. Технология қарқынды түрде дамыған сайын, білім алу, сыни ойлау, шешім қабылдау және жауапкершілікті сезіну қасиеттері аса өзекті бола түседі. Бұл – ақиқат, – деді Президент.

Дереккөз: Zakon.kz · Айдос Қали