Жаршы

Тоқаев Путинді Орталық Азия мен әлем үшін ең қолайлы саяси тұлға деп атады

Тоқаев Путинді Орталық Азия мен әлем үшін ең қолайлы саяси тұлға деп атады

Сурет: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинде Германия канцлері Фридрих Мерцпен келіссөздер өткізіп, одан кейінгі баспасөз мәслихатында ARD телеарнасы тілшісінің Украинадағы әскери қимылдар жөніндегі сауалына жауап қайтарды.

Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

«Мен Президент Путинге бұл мәселе бойынша өзімнің жеке ұстанымымды үлкен түсіністікпен қабылдағаны үшін ризашылығымды білдіремін. Себебі біз, бәріміз, мемлекет басшылары, соның ішінде Ресей Президенті де, Украина аумағындағы әскери іс-қимылдарды тоқтатуды қолдаймыз. Менің Президент Путинмен қарым-қатынасым өте жақсы. Мен оны көрнекті мемлекеттік қайраткер деп есептеймін. Бүгін мен мұны нық сеніммен айттым: Бұл сіздерге біртүрлі естілуі мүмкін, Президент Путин – мемлекеттік қайраткер, Ресей басшысы ретінде Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан үшін де, Еуропа және бүкіл әлем үшін де ең қолайлы саяси тұлға.

Мен оны өте жақсы білемін, ол тарихы күрделі, өзінің стратегиялық мақсаттары туралы өзіндік түсінігі бар ірі мемлекетті басқаруға қажетті қасиеттердің бәріне ие. Әрине, Украинада болып жатқан жағдайға бәріміз алаңдаймыз.

Әуел бастан Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелерін басшылыққа алатынын айттым. Біз барлық мемлекеттің аумақтық тұтастығын құрметтеу және сақтау қағидатын берік ұстанамыз.

Сондай-ақ біз әуел бастан-ақ украин халқына, оның тарихына, мәдениетіне, дәстүрлеріне және, әрине, украин тіліне зор құрметпен қарайтынымызды айтып келеміз», – дейді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы соғысты дереу тоқтату турасында айтпағанын атап өтті.

«Мен мұның қазіргі жағдайда, бәлкім, шынайы мүмкін емес екенін түсінемін. Мен Украина аумағындағы әскери іс-қимылдарды «қатыру» туралы айтып отырмын. Осы арқылы дипломатиялық немесе қандай да бір келіссөздер процесіне көшуге болады. Біздің ұстанымымыз – осы. Ресейге қатысты Қазақстан мен Ресей арасында ұзындығы 7597 шақырымды құрайтын ортақ шекара бар екенін ұмытпауымыз керек. Бұл – әлемдегі ең ұзын шекара. Бұл осы елмен достық қарым-қатынастарды дамытуға әсер ететін фактор емес пе? Қазақстан аумағында еліміздің 2,7 миллион ресейлік этнос өкілі тұрады. Біздің елде православ шіркеуі де айтарлықтай деңгейде ұсынылған және біз оған үлкен құрметпен қараймыз. Сондықтан осының бәрін ескеру қажет. Бірден кесіп шешім қабылдауға болмайды», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан үшін бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызын атап өтіп, елде тұрақтылықты қамтамасыз ету және ел ішінде бейбітшілік орнатуға үлес қосу үшін бар күшін салатынын айтты.

«Қазақстанға бейбітшілік пен тұрақтылық қажет. Онсыз біз ешқашан табысты мемлекет бола алмаймыз. Қазір біз даму жолында айтарлықтай жетістіктерге жетіп келеміз. Мұны көрсеткіштер де жеткілікті түрде дәлелдейді. Сондықтан Президент ретінде елімде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Бұл ретте Қазақстанмен көршілес аумақта бейбітшілікке қол жеткізуге және соғысты тоқтатуға қолдан келгенше үлес қосамын», – дейді Президент.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Дереккөз: Qazaq Today · Алмас Жарасхан