Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді (фото)

Қосшы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді . Кездесу барысында президент тарихи Тяньцзинь шаһарында қонақжайлық танытқаны үшін Төраға Си Цзиньпинге алғыс айтты, деп Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысуға шақыруды зор ықыласпен қабыл алғанын жеткізді.

"Біз сіздің еліңіздің осы ұйымға төрағалық етуін толық қолдаймыз. Ұйымның күн тәртібінде тұрған мәселелерді талқылау жұмысына белсене атсалысып жатырмыз. Сондай-ақ Сізді Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс пен Қытайдың жапон басқыншылығына қарсы соғыстағы жеңісінің 80 жылдығымен құттықтаймын. Сіздің еліңіз фашизмді жеңуге өлшеусіз үлес қосты. Қытай халқы соғыс жылдарында нағыз батылдық, шынайы отаншылдық, қайтпас қайсарлықтың озық үлгісін көрсетті. Мұны бәрі жақсы біледі және жоғары бағалайды", — деді мемлекет басшысы.

Тоқаев Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Фото: Ақорда

Қазақстан президенті ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің тікелей қолдауымен қазақ-қытай қатынасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатқанын зор ризашылықпен атап өтті. Бұл байланыс мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік рухында нығаюда.

Тоқаев Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді
Тоқаев Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Фото: Ақорда

Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 44 миллиард долларға жетті. Бұл – ең жоғары көрсеткіш.

"Осы оң үрдіс биыл да сақталып отыр. Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Ортақ ірі жобаларымыз жүзеге асырылып жатыр. Мен осы сапарымның аясында Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысына қатысамын. Қытайдың бірқатар ірі компаниясының басшыларымен кездесемін. Биыл Қазақстанда Қытай туризмі жылы екенін ерекше көңілмен атап өткім келеді. Екі елдің мәдени-гуманитарлық ықпалдастығын нығайтуға қолайлы жағдай жасалған. Соның жарқын мысалы – Қазақстанда "Лу Бань зертханасының" екінші және үшінші филиалдары ашылатын болды. Бейжің қаласында Қазақстанның мәдениет орталығын ашу туралы шешіміңіз үшін Сізге зор алғыс айтамын", – деді президент.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз