Шерзат өліміне қатысты сотталғандардың туыстары Президентке үндеу жолдады (ВИДЕО)

Қосшы

Талғардағы 16 жастағы Шерзат Полаттың қазасына қатысты сотталғандардың жақындары Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Олар Шерзаттың әкесі Қаржаубайдың да жазаланғанын талап етіп отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

“Шерзат Полат қайтыс болғаннан кейін жәбірленуші тарап бірден жақсы ойластырылған және жоспарланған әрекеттерге көшті. Өз мақсаттарына жету үшін олар түрлі құралдарды, атап айтқанда, әлеуметтік желі, тыйым салынған психологиялық тәсілдерді пайдаланды, тіпті кейде ашық арандатушылыққа да барды. Бірнеше рет тәртіпсіздікке шақырды, жалған ақпарат таратылды, пышақ ұстаған адам қаһарман болып көрсетілді. Марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов сол қайғылы оқиға болған түні екі рет пышақпен адамдарға шабуыл жасады”, – деді өзін Бауыржан деп таныстырған видеодағы ер адам.

Үндеуде олар Тоқаевтан Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жәбірленуші тараптың әрекеттерін толық әрі мұқият тексеруді тапсырма беруді сұрады.

“Қазақстан халқы бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүргісі келеді. Сонымен қатар Қазақстан халқы әділдікті қалайды және тіпті талап етеді”, – деді олар.