Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні

Қосшы

Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні. Бұл – ұлтымыздың болмысын, дербестігі мен тәуелсіздігін жаһанға паш ететін белгі.

Қазақ елі Мемлекеттік рәміздер күнін 1992 жылдан бері атап өтеді. Гимн, Ту, Елтаңбаны құрметтеу – баршаға ортақ міндет. Қаралау заңмен жазаланады.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Еліміз мемлекеттік рәміздердің 33 жылдығын тойлап жатыр. Тәуелсіздігіміздің басты нышаны – Ту, Елтаңба және Әнұранымыздың әлемдік аренадағы орны ерек. Оны айшықтауға әрқайсымыз мүдделіміз.

«Еліміздің ертеңі осы балалар. Демек, оларға да рәміздерімізді таныту – ортақ парызымыз. Тіпті балабақшадан бастап, насихаттау қажет». Астана тұрғыны Мира Ахмади осылай дейді.

Мира Ахмади, қала тұрғыны:

- Бүгін біз Мемлекеттік рәміздер күніне орай музейге келдік. Анамды, қызымды алып келдім. Менің ойымша, бәріміз рәмізді құрметтеуіміз керек, тарихты білуіміз керек.

Мемлекеттік рәміздердің тарихына қаншалықты үңілеміз? Әр символдың мәні барын білесіз бе? Оны Ұлттық музей жәдігерлері айшықтайды.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Еліміздің бренді – Алтын адамның бас киімінде бейнеленген қанатты жылқылар басты нышанымыз Елтаңбада көрініс тапқан. Бұл пырақтар қазақ мифологиясында уақыт пен кеңістікті байланыстыратын символ саналады. Яғни, еліміздің еркіндікке, жеңіске, дамуға деген ұмтылысының көрінісі.

Төл нышанымызды пайдаланудың да жөні бар. Осы орайда 2021 жылы Астанада геральдикалық зерттеулер орталығы құрылды. Онда мемлекеттік рәміздерді насихаттау, пайдалану тәртібіне қатысты арнайы семинарлар өткізіледі, талдаулар жүргізіледі. Мұның маңызы зор. Рәмізге құрмет танытпау – заңмен қудаланады.

Әділхайыр Мырзаханов, Геральдикалық зерттеулер орталығының бөлім басшысы:

- Мемлекеттік рәміздерді талапқа сәйкес пайдаланбау туралы ҚР ӘҚБ Кодексінің 458-бабы бар. Бұл бойынша жеке және заңды тұлғалар 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздер міндетті түрде пайдалануы керек жағдайлар бар, сол жағдайларда лауазымды тұлғалар да 50 АЕК дейін айыппұл салынады. Одан бөлек, ҚР ҚК 372-бабы бар. Ол бойынша мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін 3000 АЕК дейін айыппұл салынуға немесе 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға немесе шектеуге жазалануы мүмкін.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Заң бойынша рәміздерімізді қорғау жан-жақты бекітілді. Құқықтық жауапкершілігі айқындалған. Ендігі мақсат осы рәміздерді қоғам болып құрметтеуге атсалысу. Бұл тек құқық қорғау органдарының немесе депутаттардың, жергілікті биліктің міндеті деп қабылдамай, әрбір азамат рәмізімізді құрметтеуге атсалысу керек.

Әрбір қазақстандықтың туу туралы куәлігінен бастап зейнет кітапшасына дейін елтаңба бейнеленген. Айналамыздағы мемлекеттік мекемелердің маңдайшасында Ту тұруы міндетті. Әрқайсымыздың жүрегімізде әнұранымыз шырқалады. Демек, мемлекеттік рәміздер – өміріміздің айнымас бөлігі.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Мерей Талап