Ақтауда мемлекеттік рәміздер алаңында жас мамандар ант берді

Қосшы

Ақтауда мемлекеттік қызметке қабылданған жас мамандар көпшілік алдында ант берді. Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай бастаған сала ардагерлері, студенттер мен сарбаздар қатысты. Мемлекеттік рәміздер күніне арналған мәдени-көпшілік шаралар облыстың барлық елді мекенінде ұйымдастырылды.

«Мемлекеттік рәміздер» алаңында таңсәріден патриоттық тақырыптағы ән әуелеп, қазақ елінің гимні шырқалды. Мемлекеттік қызметке енді қабылданған жас мамандардың салтанатты ант беруі ұлық мереке маңызын аша түсті. Олар білім, экология, жер қатынастары мекемелерінде жұмыс істейді.

Тоқтамыс Жұмағұлов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі аймақтық департаментінің басшысы:

- Ант деген әр мемлекеттік қызметшінің жалпы қызметте, елімізге, мемлекетімізге адал қызмет ететінін көрсетеді. Сондықтан олар осы антты сезіне отырып, адал қызмет етуге тиісті. Департамент тарапынан Қазақстандағы барлық жоғары оқу орындарына сұраныс жасап, ол жердегі бізге қажетті қандай мамандар бар екен, соның тізімін алып, қазір мемлекеттік органдарға ұсынып жатырмыз.

Маңғыстауда 1,5 мыңдай адам мемлекеттік қызметте жүр. Дегенмен ауылдық жерлерде маман тапшылығы байқалады. Мәселені шешу мақсатында облыс көлемінде жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Жас мамандар мектептер мен колледждерге барып, кәсіби бағдар беру шарасын жиі өткізеді.

Пәния Сармурзина, облыстық мәслихат депутаты:

- Бүгін ұлтымыз үшін ерекше күн. Өйткені әр елдің өзінің нышаны болады. Қазақ үшін Елтаңбамыз және егемен еліміздің мәртебесін көтеретін әнұранымыз – бұл мақтаныш. Тек қана мақтаныш емес, жауапкершілік. Сол жауапкершілікті келер ұрпаққа жеткізу осы күнгі замандастырымыздың үлесіне тиген күн деп есептелінеді.

Мереке күні Ақтауда көпқабатты тұрғын үйлерге 100 Мемлекеттік ту ілінді. Қала жастары Каспийге серуен қайығымен шығып, көк байрақты желбіретті. Осылайша ел рәміздеріне деген құрметін білдірді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев