Экс-депутат мемлекет ақшасын құмар ойынға салған

Қосшы

Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты 2 айға қамауға алынды, деп жазады Egemen.kz.

Күдікті мемлекеттен субсидия алу мақсатында Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасына «Награда» түріндегі таңқурай көшеттерін сатып алу туралы жалған құжаттар ұсынған. Нәтижесінде ол 474 миллион теңге субсидия алып, ақшаны заңсыз пайдалану үшін жеке кәсіпкермен жалған келісімге келген.

«Аталған жалған келісімдер мен төлем құжаттары негізінде 431 млн теңге сомаға қолма-қол қаражат алынды. Сонымен қатар, ұрланған қаражаттарды заңды айналымға тарту мақсатында ол жұбайының атынан бағалы қағаздармен операциялар жүргізіп, қосымша 89 млн теңге қылмыстық табыс тапқан. Қылмыстық табысқа ол Алматы қаласынан екі бөлмелі пәтер және «Toyota Highlander» автокөлігін сатып алған», делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.

Тергеу барысында күдіктінің аталған мүліктері мен 50 млн теңге ақша және 91 млн теңге құны бар бағалы қағаздарын пайдалануға тыйым салынған.

ҚМА айыпталушының мемлекеттен ұрланған 170 млн теңгені Қонаев қаласындағы казиноға құртқанын да анықтаған.