Заңсыз субсидия: экс-депутат жалған құжат арқылы ₸947 млн қолды қылған

Жаңалықтар

Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының экс-депутатына қатысты қылмыстық фактілер тергеліп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Қаржы мониторинг агенттігі хабарлағандай, күдікті мемлекеттен субсидия алу үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына таңқурай көшеттерін сатып алу туралы жалған құжаттар ұсынған. Жалпы құны – 947 млн теңге. Нәтижесінде 474 миллион теңге деп көрсетілген соманың жартысына заңсыз субсидия алған. Осы кірістерді жылыстату үшін, күдікті 21 жеке кәсіпкермен жалған келісімшарттарды қамтитын көп деңгейлі схема әзірлепті. Бірақ іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмаған. Күдікті 2 айға қамауға алынды.

Ернар Тайжан, ҚР Қаржы мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Осы жалған келісімдер мен төлем құжаттары негізінде 431 млн теңге сомаға қолма-қол қаражат алынды. Сонымен қатар ұрланған қаражаттарды заңды айналымға тарту мақсатында ол жұбайының атынан бағалы қағаздармен операциялар жүргізіп, қосымша 89 млн теңге қылмыстық табыс тапқан. Күдікті Алматы қаласынан екі бөлмелі пәтер және Toyota Highlander автокөлігін сатып алған. Аталған мүлікке, сондай-ақ 50 млн теңге ақша және 91 млн теңге құны бар бағалы қағаздарға тыйым салынды. Сонымен қатар мемлекеттен ұрланған 170 млн теңгені күдікті Қонаев қаласындағы казиноға құртқаны белгілі болды. Соттың санкциясымен күдікті 2 айға қамауға алынды.