Қосшы

СҚО-дағы ауыр жол апаты салдарынан балабақша директоры мен екі тәрбиеші қаза тапты

СҚО-дағы ауыр жол апаты салдарынан балабақша директоры мен екі тәрбиеші қаза тапты

Солтүстік Қазақстан облысында ауыр жол апаты салдарынан ауыл балабақшасының меңгерушісі мен екі тәрбиешісі қаза тапты. Тағы бір қызметкер мен жүргізуші ауыр жарақатпен ауруханаға түсті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қайғылы жағдайға әкеліп соқтырған жол апаты Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданындағы "Петропавловск-Көкшетау" тас жолында, Кременчуг ауылының маңында болды. Ішінде бес адам болған Audi көлігі екі КамАЗдың арасында қалып кетіп, мыжылып қалған. Алдын ала болжам бойынша, бұған тас жолда таңертең кенеттен пайда болған қалың тұман себеп болған.

Полиция екі немесе одан да көп адамның абайсызда қаза табуына әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.

"Жол-көлік оқиғасы салдарынан "Audi" жеңіл автокөлігінің үш жолаушысы алған жарақаттарынан көз жұмды. Көлік жүргізушісі мен тағы бір жолаушы медициналық мекемеге жеткізіліп, оларға қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Өзге көлік құралдарының жүргізушілері зардап шеккен жоқ. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайларын жан-жақты, толық әрі объективті анықтау мақсатында тергеу әрекеттері жүргізіліп, сараптамалар тағайындалды", деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.

Қаза тапқандардың бірі Жамбыл ауданындағы балабақшаның директоры, ал екеуі тәрбиеші екені белгілі болды. Олардың жасы 48, 54 және 57 шамасында болған.

20 жастағы жүргізуші мен қаза тапқандардың әріптесі болып келетін тағы бір 57 жастағы жолаушы ТЖД қызметкерлерінің көмегімен Тайынша көпсалалы ауданаралық ауруханасына шұғыл түрде жеткізілді.

"Қазіргі уақытта жүргізуші хирургия бөлімінде жатыр, оның жағдайы тұрақты деп бағаланады. Оған мидың шайқалуы диагнозы қойылды, сонымен қатар бір жақ өкпесі жаншылған, екінші қабырғасы зақымданған. Екінші зардап шегуші ота жасалғаннан кейін жансақтау бөліміне орналастырылған, жағдайы ауыр деп бағаланады. Әйел басынан жабық жарақат алып, миы шайқалған, сонымен қатар ішкі ағзалары зақымдалған, сондықтан шұғыл ота жасалды", – деді СҚО әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Қалиева.

Өңірлік білім басқармасы жол апатына ұшыраған балабақша қызметкерлері жұмыс бабымен емес, жеке шаруаларымен жолға шыққанын атап өтті.

"Солтүстік Қазақстан облысының Білім басқармасы Тайынша ауданында жол апаты салдарынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Апаттан Жамбыл ауданының білім беру саласының қызметкерлері: балабақша директоры мен екі тәрбиеші қаза тапты. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, аталған сапар жеке сипатта болып, қызметтік міндеттерді орындауға қатысы болмаған", деп хабарлады СҚО Білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.

Кісі өліміне әкеліп соққан Audi көлігінен бөлек, бұл жол апатынан тағы екі жеңіл көлік зардап шекті. Volkswagen пен Toyota Prado маркалы көліктер көп зақымданбаған. Олардың жүргізушілері мен жолаушылары қауіпсіз жерде. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, алайда барлық көлік бір бағытта келе жатқаны белгілі.

Бұған дейін Алматы облысында кроссовер көліктермен соқтығысып, жаяу жүргіншілерді де қаққанын жазғанбыз.

Дереккөз: Zakon.kz · Кәмшат Сатиева