Жаңалықтар

«Жусан» операциясы, журналистерге қысым және соғыстағы қазақтар: Варшавада не талқыланды?

«Жусан» операциясы, журналистерге қысым және соғыстағы қазақтар: Варшавада не талқыланды?

Варшавада Еуропадағы адам құқықтарына арналған ең ірі жыл сайынғы жиын – ЕҚЫҰ-ның Адами өлшем жөніндегі конференциясы өтіп жатыр. Оған 57 елден 1 800-ден астам адам жиналып, сөз бостандығының жай-күйін, кемсітушілікке қарсы күресті, сот жүйесінің тәуелсіздігін және басқа да өзекті мәселелерді талқылауда.

Жиынға мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, құқық қорғаушылар, журналистер және белсенділер қатысып жатыр. Олардың қатарында ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекет ретінде Қазақстаннан барған өкілдер де бар. Ulysmedia тілшісі қазақстандық қатысушылар халықаралық қауымдастықтың назарына қандай мәселелерді ұсынғанын тарқатады.

БЕЛСЕНДІЛЕР МЕН ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ҚЫСЫМ

Алматыдағы танымал құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина көлемді баяндама жасап, қызметіне байланысты қылмыстық қудалауға ұшыраған белсенділер мен журналистердің жағдайына назар аударуға шақырды.

Ол 2026 жылдың наурызынан бері қоғам белсендісі Санжар Бокаевтың қамауда отырғанын мәлімдеді. Ал жуырда дін қызметкері Яков Воронцов төрт жылға бас бостандығынан айырылған. Журналист Думан Мұхамедкәрімнің де жаза өтеп жатқанына үш жыл болды. Ол қашқын оппозиционер Мұхтар Әблязовтан сұхбат алғаннан кейін экстремизмді қаржыландырды және тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты деп айыпталған.

Бұдан бөлек, құқық қорғаушы Марат Жыланбаевтың ісіне де тоқталды. Төреғожинаның сөзінше, оған адвокаттарды кіргізбей жүргеніне бір жыл болған.

– Бұл оқиғалар әртүрлі болғанымен, бәріне ортақ бір маңызды сұрақ бар. Саяси немесе діни көзқарасы тәуелсіз адам үшін Қазақстанда өмір сүру қаншалықты қауіпсіз? Егер адам өз ұстанымы үшін қудалауға ұшыраудан қорықса, бұл сөз бостандығы мен бейбіт жиналу құқығына ғана қатысты мәселе емес. Бұл – толеранттылық пен кемсітпеу қағидаттарының да сынға түсуі. Шын мәнінде, толеранттылық пен кемсітпеу адамның билікпен пікірі бір жерден шыққанда емес, өзгеше ойлаған кезде сыналады, – деді ол.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫ РЕСЕЙ ӘСКЕРІ УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫСҚА ҚАЛАЙ ТАРТҚАН?

«Демос» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тұрарбек Құсайынов та маңызды мәселе көтерді. Ол халықаралық аудиторияға Ресейге жұмыс іздеп барған ондаған қазақстандықтың алдау жолымен Ресей армиясының құрамында Украинадағы соғысқа қатысуға мәжбүр болғанын айтты.

Құсайынов Ресейдің өзі де мүшелік ететін ЕҚЫҰ-ны қазақстандықтардың елге оралуына және олардың құқықтарын қорғауға жәрдемдесуге шақырды.

– Қазақстаннан Ресейге жұмыс істеуге барған бір топ жас азаматты алдап, Украинаға қарсы соғысқа тартқан. Қазір олар майдан шебінде жүр. Біз ЕҚЫҰ-дан олардың Қазақстанға оралуына, құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға көмектесуін сұраймыз, – деді ол.

БАҚ ПЕН БЕЛСЕНДІЛЕРГЕ ЖАСАЛҒАН КИБЕРШАБУЫЛДАР

Қазақстаннан барған ең жас спикер –  Human Rights Consulting Group қоғамдық қорының директоры Арсен Әубәкіров. Астаналық 26 жастағы құқық қорғаушы цифрлық технологиялар кеңінен таралған заманда белсенділер мен журналистерге төнген қауіптерге тоқталды.

Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде БАҚ пен қоғам белсенділерінің аккаунттары жаппай әрі негізсіз шағымдардан кейін бұғатталған жағдайларды баяндады.

– Журналистер, бұқаралық ақпарат құралдары, белсенділер мен құқық қорғаушылардың аккаунттары бұғатталып, жарияланымдары өшірілген. Авторлық құқыққа қатысты күмәнді шағымдар түсіп, кибершабуылдар жасалған, аккаунттар бұзылған. Сондай-ақ адамдардың жеке деректерін жария ету, олардың беделіне нұқсан келтіріп, қоқан-лоқы көрсету мақсатында анонимді хабарламаларды нақты бір адамға бағыттап жаппай тарату оқиғалары тіркелді. Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан кейін сын материалдарын жариялаған авторларға да қысым жасалды, – деді Әубәкіров.

«ЖУСАН» ОПЕРАЦИЯСЫ: СИРИЯДАН ҚАЙТАРЫЛҒАН ӘЙЕЛДЕР МЕН БАЛАЛАР

Варшавадағы конференцияда Қазақстанның құқық қорғау саласындағы оң тәжірибесі мен мемлекеттің өзіне төнетін қатерлер де сөз болды.

Қоғам белсендісі, дін мәселелері жөніндегі сарапшы Дмитрий Полтаренко «Жусан» операциясы туралы баяндады. Осы операция аясында Қазақстан Сириядан 200-ге жуық әйел мен 500-ден астам баланы елге қайтарған. Ол радикализмге қатысты баптармен сотталған азаматтардың азаптауға ұшырайтыны туралы мәлімдемелерді шындыққа жанаспайтын жорамал деп атады.

– Сириядан қайтарылған 191 әйелдің тек 18-і ғана сотталды. Олардың әрқайсысымен жұмыс жалғасып жатыр, соның ішінде бас бостандығынан айыру орындарында да тиісті шаралар жүргізіледі. Елге 572 бала қайтарылды. Қазір олар қоғамға бейімделді. Балалардың қоғамның толыққанды мүшесіне айналуы үшін жұмыс жалғасып жатыр. Діни және радикализмге қатысты баптар бойынша сотталғандардың барлығы азаптауға ұшырайды деген мәлімдемелер шындыққа сәйкес келмейді. Қазақстан терроризмге қарсы тұрақты күрес ең алдымен оның алдын алудан басталады деп есептейді.

Кәмелетке толмағандар арасында радикалданудың алдын алуға арналған жоба жұмыс істеп тұр. Биылдың өзінде оған 500-ден астам бала қатысты. Балаларға арналған оқыту шаралары өткізіліп, сыни ойлау мен цифрлық қауіпсіздік дағдылары қалыптастырылып жатыр.

Мемлекеттік саясат адамның сенімі мен көзқарасына қарсы бағытталмаған. Ол нақты заңсыз әрекеттер мен қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қатерлердің алдын алуға бағытталған. Қазақстан заң талаптарының сақталуы және қабылданған шаралардың жасалған әрекетке сай болуы үшін көп жұмыс атқарды, – деді ол.

СОТ ЖҮЙЕСІН РЕФОРМАЛАУ

Польшадағы конференцияның бесінші күні судья, Еуропалық құқық институтының өкілі Айым Шаяхметова сөз сөйледі. Ол Қазақстанда Конституциялық сот пен кассациялық соттарды құру мәселесіне тоқталды.

– Егер азаматтар Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтары бұзылды деп есептесе, Конституциялық сотқа жүгіне алады. 2025 жылдың шілдесінде сот жүйесін реформалау аясында жаңа кассациялық соттар құрылды. Онда сот шешімдері қайта қаралып, жіберілген қателер түзетіледі.

Қазақстанда әкімшілік сот ісін жүргізу де азаматтардың маңызды құқықтарының бірі саналады. Жеке тұлғалар мен кәсіпорындардың құқықтары Германияның үлгісіне негізделген жүйе бойынша қорғалады. Істердің 60 пайызында шешім азаматтардың пайдасына шығарылған, – деді ол (ағылшын тілінен аударылды).

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭТНОСТАРДЫҢ АЛУАНДЫҒЫ

Конференцияда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев та баяндама жасады. Ол Қазақстандағы этностық алуандылыққа тоқталып, ел азаматтарының шыққан тегіне немесе діни сеніміне қарамастан, құқықтары тең екенін атап өтті.

– Қазақстан аумағында 120-дан астам этнос өкілі тұрады. 2026 жылы жүргізілген зерттеуге қатысқандардың 93 пайызы әртүрлі топтар арасында жақсы қарым-қатынас қалыптасқанын айтқан. Сауалнамаға қатысқандардың 73 пайызы этностық немесе діни ерекшелігіне байланысты құқықтарының бұзылғанын ешқашан сезінбегенін жеткізді. Сондай-ақ респонденттердің басым бөлігі мемлекет этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынасты қолдайтынын атап өткен, – деді Ластаев.

Оның айтуынша, Қазақстанда діни сеніміне, шығу тегіне және басқа да белгілеріне қарай кемсітуге тыйым салынған. Омбудсмен БАҚ пен онлайн-платформалар да өшпенділік тілі деп аталатын құбылысты қолданбауға және таратпауға тиіс екенін еске салды.

– Бізде қоғамның тұтастығы мен бірлігін нығайтуға бағытталған конституциялық консультативтік орган бар. Елімізде ешбір дінге арнайы мәртебе берілмеген. Бұл – дін ұстанушылардың санына қарамастан, барлық діни бірлестікке бірдей қарайтынымыздың көрінісі. Қазақстанда 18 конфессияны қамтитын 4 мың діни бірлестік бар, – деп толықтырды ол.

КОНФЕРЕНЦИЯ ЖАЙЛЫ

Варшавада 5-15 қазан аралығында ЕҚЫҰ-ның Адами өлшем жөніндегі конференциясы (Warsaw Human Dimension Conference, WHDC) өтіп жатыр. Бұл –  адам құқықтары, сөз бостандығы, демократия және заң үстемдігі мәселелерін талқылауға арналған халықаралық алаң.

Жиынға мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін, құқық қорғаушыларды, журналистерді және азаматтық қоғам мүшелерін қоса алғанда, 1 800-ден астам адам қатысуда. Бағдарламада 10 жалпы отырыс және қосымша 90-ға жуық іс-шара қарастырылған.

Конференция 2022 жылдан бері қазіргі форматта өткізіліп келеді. Алайда ЕҚЫҰ аясында Варшавада адам құқықтарын талқылайтын кездесулердің тарихы 1993 жылдан басталады.

2026 жылғы конференцияны ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін Швейцария Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) қолдауымен ұйымдастырып отыр. Бұл алаң мемлекеттер, халықаралық институттар мен азаматтық қоғам өкілдеріне өз ұстанымдарын ортаға салып, түйткілді мәселелерді көтеруге және ұсыныстарды талқылауға мүмкіндік береді.

Дереккөз: Ulysmedia · Ілияс Бақыт