Жаршы

Ресейге жұмыс істеуге барған қазақстандық алданып қалғанын мәлімдеді: СІМ пікір білдірді

Ресейге жұмыс істеуге барған қазақстандық алданып қалғанын мәлімдеді: СІМ пікір білдірді

20 жастағы шымкенттік жігіттің анасы елден көмек сұрады. Айтуынша, ол ұлы бір айдан бері Ресейден қайта алмай отыр. Анасы ұлына әлдекімдер жалақысы үлкен  жұмысқа шақырғанын айтады. Аталған жайтқа қатысты СІМ пікір білдірді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Қазақстандық жігіттің Ресейге кеткеніне бір айдан асқан. Туыстарының айтуынша, 27 тамызда ол шекарадан өткен. Орыс тілін аса түсінбейтін оған сол жақтың азаматтары мектеп пен балабақшада күзетші болу үшін тиісті құжатқа қол қою керек екенін айтқан көрінеді. Кейін соғысқа баратынын жеткізіпті.

"Егер бұл шартты орындамасаң, бас бостандығыңнан айырамыз деп қорқытқан" дейді жігіттің анасы.

"Содан кейін баламды қорқытқан. "Егер  бармайтын болсаң , 15 жылға соттатып жібереміз" деген. Қорыққанынан еріп кете берген ғой. Енді қазір күніге хабарласады. Жанайқайы шығып жылап, "құтқарыңызшы, анашым" деп. Балам қазір полигонда отыр екен", – дейді Перизат Елеусізова.

Жиырма жастағы жігіт жақында Отан алдындағы борышын өтеп келген. Кейін күзетші болып жұмыс істеген. Ол анасына Ресейден шақырту алғанын әскерден келгелі тоқтаусыз айтып жүріпті. "Жалақысы жақсы, жататын жері мен тамағы тегін" деген соң, анасы амалсыз көнген. Енді ұлын елге қайтара алмай егіліп отыр.

Жігіттің жақындары осыған дейін құзырлы органдарға жүгініпті.

Сыртқы істер министрлігі телеарнаға пікір білдіріп, тиісті дипломатиялық нота жолданғанын хабарлады.

"Бұл мәселе бойынша Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық нота жолданды. Ресей тарапымен тиісті жұмыс жалғасуда. Жұмысымыздың нәтижесі бойынша қосымша хабарлаймыз", – деді Сыртқы істер министрлігінің өкілдері.

Заңгерлер бұл алғашқы жағдай емес екенін айтады. Сондықтан шет мемлекеттен шақырту түссе, сөзге емес, келісімшартқа мән беру керек дейді.

"Өтірік айтпасам, аптасына бір ата-ана хабарласады: "Біздің баламыз сол жаққа кетіп еді, жоқ боп кетті, хабар жоқ, бір апта болды, екі апта болды". Одан қалса байланысқа шықпай қояды немесе "мен соғысқа кетіп бара жатырмын деп" жазады, болды. Келісімшартта не жазылып тұр, сол ғана болады. Ал менеджерлер отырып алып, барған кезде керемет қонақ үй, керемет жалақы аласыздар, сіздерді күтіп алады деген сөздері жазбаша келісімшартта жоқ болатын болса, ол орындалмайды", – дейді заңгер Мейірман Шекеев.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз

Дереккөз: Nur.kz · Айтолқын Адырбай