Қосшы

700 млн теңгеге жуық қаржыны жымқырып, Италияға барған: Астанада емхана басшылары мен қызметкерлері сотталды

700 млн теңгеге жуық қаржыны жымқырып, Италияға барған: Астанада емхана басшылары мен қызметкерлері сотталды

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 2026 жылғы 29 қыркүйекте сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемденіп, талан-таражға салды деп айыпталған емхананың төрт басшысы мен қызметкеріне үкім шығарды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сот мәліметінше, емхана басшысы 2021–2025 жылдар аралығында экономикалық жұмыс жөніндегі қызмет басшысын, бас бухгалтерді және мемлекеттік сатып алу жөніндегі менеджерді қылмыстық әрекетке тартқан.

"Топ мүшелері алдын ала сөз байласып, жалған шарттар негізінде кәсіпорын қаражатын аудару үшін жеке және заңды тұлғаларды іздеген. Кейін олардың шоттарына түскен ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырған", – деп хабарлады сот.

Мәселен, 2023 жылғы маусымда экономикалық жұмыс жөніндегі қызмет басшысы кәсіпорын жүргізушісіне жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, банк деректемелерін бас бухгалтерге беруді ұсынған. Осы тәсілмен басқа адамдар да тартылып, олардың банк шоттары қаржылық операциялар жүргізуге пайдаланылған.

Бұдан бөлек, сотталушылар 2021–2023 жылдар аралығында кәсіпорын қаражаты есебінен жеке пайдалануға жалпы сомасы 7 073 670 теңге болатын тұрмыстық техника сатып алған.

Ал 2023 жылғы наурызда үш сотталушы кәсіпорын қаражаты есебінен Италияға жеті күндік туристік сапардың ақысын төлеген. Оған 7 833 741 теңге жұмсалған.

Сондай-ақ сотталушылардың бірі 2023–2025 жылдар аралығында кәсіпорын қаражаты есебінен өзінің тұтынушылық несиесін өтеген. Осы мақсатқа 2 179 800 теңге жұмсалған.

Келтірілген залалдың жалпы сомасы 672 753 454 теңгені құрады.

Сотта сотталушылар кінәсін мойындамай, өздерін ақтауды немесе бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұраған.

Сот үкімімен олар 7 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Жәбірленушінің азаматтық талап қоюы толық көлемде қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Екі жыл бұрын Астанада оқытушылар мен студенттердің есебінен заңсыз табыс табудың жолын тапқан жатақхана коменданты сотталған еді.

Дереккөз: Zakon.kz · Айгерим Тарина