Қазақстанның Ішкі істер министрлігі денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп, құрамында психотроптық және күшті әсер ететін заттар бар дәрі-дәрмектің заңсыз айналымына тосқауыл қою мақсатында "Дәрмек" операциясын өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Операцияның кезекті кезеңі 2026 жылғы 21–25 қыркүйек аралығында өтті. Осы кезеңде 1,5 мыңнан астам медициналық мекеме мен дәріхана, сондай-ақ 142 өнеркәсіптік кәсіпорын тексерілді.
"Тексеру нәтижесінде 249 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, құрамында есірткі бар 28 мыңға жуық дәрілік препараттың айналымы шектелді", – делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Министрліктің мәліметінше, мұндай дәрілерді рецептісіз сату, соның ішінде кәмелетке толмағандарға беру фактілеріне ерекше назар аударылады.
Құрамында психотроптық және күшті әсер ететін заттар бар дәрілер тек дәрігердің тағайындауы бойынша босатылуы тиіс. Оларды бақылаусыз қабылдау ауыр зардаптарға, соның ішінде артық дозалануға әкелуі мүмкін.
Бұдан бөлек, ІІМ есірткі өндіруге пайдаланылуы мүмкін химиялық заттар мен прекурсорлардың айналымын да тексереді.
"Операция аясында 675 тонна прекурсордың айналымы шектелді. 90 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Мәселен, Петропавлда жүзу жаттықтырушысы ұсталды. Одан құрамында күшті әсер ететін заттар бар 56 таблетка тәркіленді.
Түркістандағы дәріханалардың бірінде осындай препараттардың лицензиясыз сатылғаны анықталып, 5 мыңнан астам таблетка тәркіленді.
Ал Оралда лицензиялық талаптардың бұзылуына байланысты 500 тонна тұз қышқылының айналымы шектелді.
"2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшті әсер ететін заттарды заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Мұндай әрекеттер үшін 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", – деп мәлімдеді ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Бұған дейін Қазақстанда жиі қолданылатын дәрі-дәрмектің бағасы соңғы бір жылда 30–75%-ға қымбаттағаны белгілі болды. Сонымен қатар фармацевтика нарығында тосын жағдай қалыптасқан: дәрілер қымбаттағанымен, қазақстандықтар оларды бұрынғыдан әлдеқайда аз сатып ала бастаған.
Дереккөз: Zakon.kz · Айгерим Тарина



