Жаршы

Тоқаев Қорғаныс министрі Мырзахметовті қабылдап, нақты тапсырмалар берді

Тоқаев Қорғаныс министрі Мырзахметовті қабылдап, нақты тапсырмалар берді

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметовті қабылдады. Кездесу барысында Президент еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту, Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын күшейту және әскери басқару жүйесін жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

Мемлекет басшысы әскери қызмет қауіпсіздігіне айрықша назар аударды. Оның айтуынша, әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау барлық деңгейдегі қолбасшылық үшін басты басымдық болуға тиіс.

Сонымен қатар Президент кәсіби даярлықтың сапасын арттыру, әскери инфрақұрылымды дамыту, қару-жарақ пен техниканы жаңғырту, заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу міндеттерін белгіледі.

Мемлекет басшысы сарбаздардың бойында жауапкершілік, тәртіп, Отанға адалдық қасиеттерін қалыптастыруға баса мән беріп, әскердегі тәрбие жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті.

Бұдан бөлек, кездесуде әскери қызметшілер мен олардың отбасын әлеуметтік тұрғыдан қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Дереккөз: Qazaq Today · Дана Нартаева