Бүгін Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілердің бірінің әкесі өз ренішін жеткізді. Ол күн райы қолайсыз болатыны ескертілмегеніне наразы, деп хабарлайды КТК тілшісі.
"Келесі айда келем деп еді. Неге күн райын біле тұра, хабарлама ала тұра, осындай болды? Теңізге түспе деп те келеді ғой. Бұларды не үшін, неге оқу-жаттығуға жібереді деймін?!
Маған келіп кешірім сұрап, сіздің балаңыз сол жерде мәйітханада жатыр деді. Ол енді менің балам ба, соны білмей отырмын. Неше сағат болды келгенімізге, жалпы бір адам хабар берген жоқ", – дейді марқұм сарбаздың әкесі Жүсіп Оразалиев.
Жан жабығатын қайғылы жағдай Ақтаудан 43 шақырым қашықтағы Omir glamping демалыс базасының маңында болған.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасы
Бүгін, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен.
Бастапқыда Қорғаныс министрлігі теңізге алып кеткен 19 әскери қызметшінің тоғызы қаза тапқанын хабарлады. Үш әскери қызметші құтқарылған, олардың біреуі ауруханаға жатқызылған.
Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Маңғыстау облысында төтенше жағдай болған жерден видео жариялады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Артынша, мемлекет басшысы ертең, 25 қыркүйекті республика бойынша жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Соңғы дерек бойынша, қаза тапқан марқұмдар саны 12-ге жеткен. Сонымен бірге қайғылы жайт салдарынан қайтыс болғандардың есімі де жарияланды. Қазіргі таңда тағы екі әскери қызметші іздестіріліп жатыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Дереккөз: Nur.kz · Айтолқын Адырбай



